Депутат шенеуніктерді Президенттің тапсырма бергенін күтіп отырмауға шақырды

12 Ақпан 2024, 13:35
496
Бөлісу:
Депутат шенеуніктерді Президенттің тапсырма бергенін күтіп отырмауға шақырды
Фото: Мәжіліс

Мәжілісте өткен орман өрті мәселесі тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Руслан Берденов ТЖМ жұмысына халық алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздегі 30 млн гектардан астам орман қорында жылына мыңға жуық өрт анықталады. Соңғы 5 жылда 610 мың гектар орман жанып кеткен. Салыстырмалы түрде жанған аумақ 3 Люксембург, 10 Сингапурдың аумағына тең. Өрттің салдарынан көз жұмған азаматтар, тірідей жанып кеткен Қызыл кітаптағы жабайы аң мен өсімдік ресурстары жойылды. 5 жылда орман өрті мемлекетке 30 млрд теңге шығын келтірді. Жіберілген қателіктер аз емес. Алдын ала дайындық қажет. Өрт шыққанда құдық қазудың қажеті жоқ, - деді Берденов.

Оның айтуынша, салаға көңіл бөліп, нақты өзгерістер қажет екенін Абай облысындағы ірі орман өрті мен қаза тапқан 15 адамның тағдыры дәлел.

Халықтың Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысына алаңдаушылығы көп. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде сиренаның ойнамағаны, байланыс операторлары алдын ала хабарламаға келмегені сейсмология институтына көп сұрақ туындатады. Оған қандай кедергілер бар? Бұл мәселені бірлесіп шешу керек, - деді ол.

Берденов біздің елде мәселенің салдарымен жұмыс істелетінін айтты. Сөзінше, себептермен жұмыс жүргізілмейді.

Қауіпті аймақтар зерттеліп, қажетті шешім қабылдана ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында айтып өткендей, жұмысты жаңа қарқынмен бастау керек. Үкімет өз қызметінде кәсіпқойлық, жеделдік, бастамашылық қасиеттерін біріктіруі тиіс. Әр жағдайда Президент араласып, сөгіс жариялап, тапсырма беріп, мәселенің шешу жолдарын беруін күтпейік, - деді Руслан Берденов.

Өзгелердің жаңалығы