Депутат «Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын қысқартуды ұсынды

2 Қазан 2019, 13:43
2135
Бөлісу:
Депутат «Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын қысқартуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа арнаған депутаттық сауалында «Серпін» бағдарламасының тиімділігі сын көтермейтінін айтып, бірқатар ұсынысын жеткізді.

«Елбасы тапсырмасымен 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Серпін» әлеуметтік жобасының мақсаты – ішкі көші-қонды реттеу арқылы жұмыс күші тапшы жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында студенттер саны аз өңірлер мен артық жұмыс күші бар жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында орын жетіспейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті болдырмау. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда халқымыздың бірлігін нығайтуға оң ықпалын тигізіп келе жатқаны анық», - деді депутат.

Оның сөзінше бағдарламаны іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 9,5 млрд теңгенің тиімділігі ешқандай сын көтермейді.

«Биыл «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тәмамдаған түлектердің өздері білім алған жерлерде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес. 2018 жылы ЖОО бітірген алғашқы түлектердің 23% ғана оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ колледжерді тәмамдаған түлектердің 24% ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған. Осы орайда «Серпін» әлеуметтік жобасымен жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аудару мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік барына назар аударғымыз келеді. Атап айтқанда «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мектеп түлектерінің басқа тоғыз облыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес төрт облыс анықталғанә, - деді Мұсырман депутаттық сауалында.

Ол «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де толық шешілмегенін айтты.

«Мысалы, өткен жылы Қозыбаев атындағы СҚМУ облыстардан келген 260 студентке жатақханада орын болмағандықтан олар үшін Петропавл қаласындағы жеке пәтерлерді жалдауға мәжбүр болған. Сол үшін университеттің өз қаражаты есебінен «серпіндіктердің» әрқайсысына ай сайын 15 мың теңгеден, ай сайын жалпы сомасы 3 млн 900 мың теңге өтемақы төлеуге тура келген», - деді ол.

Мәжіліс депутаты «Серпін» әлеуметтік жобасын еңбек және нәтижелі жұмыспен қатмуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен сәйкестендіруді ұсынды.

«Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын қысқартып, тек жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын қоныс аудару көзделген жұмыс күші тапшы төрт өңірге СҚО, ШҚО, Қостанай, Павлодар облыстарына ғана қалдырған жөн. Қоныс аударушылардың отбасыларындағы мектеп бітіруші түлектердің «Серпін» әлеуметтік жобасына бірінші кезекте қатысу құқығын берген жөн. Бұл осындай балалары бар қоныс аударушылардың барған өңілерінде тұрақтанып қалуына оң әсерін тигізетін қосымша әлеуметтік қолдау болар еді. «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға қабылдайтын университеттер мен колледждердің студенттік жатақханаларынағы орын жетіспеушілік проблемасын арнайы қарастырып, оны шешу үшін қажетті шараларды қолдану қажет. Бұл проблеманы оқу орындары мен жергілікті студенттердің мүдделерін ескере отырып оларға теріс әсерін тигізбейтіндей етіп шешкен жөн», - деп депутат вице-премьерге ұсыныстарын жолдады.


Өзгелердің жаңалығы