Депутат "Самұрық-Қазынаның" қаржылық активтерін "Қазпоштаға" орналастыруды ұсынды

26 Сәуір 2023, 12:33
952
Бөлісу:
Депутат "Самұрық-Қазынаның" қаржылық активтерін "Қазпоштаға" орналастыруды ұсынды
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарына, оның ішінді «Қазпоштаға» орналастыру мәселесін қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінге шейін көптеген ірі инвестициялық жобалар, атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Жайлы мектеп», инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан 3 трлн теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Соңғы үш жылда әр түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңге, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңге, - деді Жаңбыршин.

Сонымен қатар 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңге болды. Яғни мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген.

Мысалы, жоғарыда айтылған қаржының 1 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті? Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған, - деп айтты депутат.

Еділ Жаңбыршин мұны ешкім тексере алмайтынын айтты.

Ақиқатына келгенде біз олигархтарды және олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер қайда қарап отыр? Солармен бірге ме? – деді ол.

Депутаттың мәліметінше, «Самұрық-Қазына» 2022 жылы ғана «Қазпошта»-ға әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны индексациялауға шамамен 11 млрд теңге бағыттады. Соның өзінде «Қазпошта» былтыр 12 млрд теңгеге шығынға ұшыраған.

Бұл жағдайды қалай реттейміз? Шешім бар. Мысалы жекеменшік банктерге орналастырылған «Самұрық-Қазына» қорының 6 триллиондай қаржылық активтерінің 10%-ы ғана «Қазпошта»-ға орналастырылса, онда мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Яғни «Қазпошта» донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мемлекет қаржысы жеке банктердің дивидентін көбейтуге жұмсалмайды, - деп ойын айтты Жаңбыршин.

Ол мемлекеттік қаржы институттары арқылы өтетін қаржыларды Парламент те, Үкімет те толық бақылай алатынын сөз етті.

Аяғынан тұрған «Қазпошта» елге қандай пайда әкеледі? Қазіргі кезде «Қазпошта» 2 000-нан астам ауылдардағы қаржылық және логистикалық қызмет көрсететін бірден-бір, кей жерлерде жалғыз Ұлттық оператор. Табысы бар «Қазпошта» халыққа заманауи цифрлық қызмет көрсетуді қолға алады, қызметшілерінің жалақысын өсіреді, білікті кадрларды тартады, жаңа жұмыс орындар мен ғимараттар ашып, ауыл инфрақұрылымын дамытады. «Қазпошта» көптеген ауылдың даму нүктесіне айналып, оларға жан бітіреді, тұрақтылықты қамтамасыз етеді, - деп санайды депутат.

Депутаттар Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:

Бірінші. Мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдансын.

Екінші. Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиелері, қарыздары, оған бөлінетін бюджеттік қаражаттары мемлекеттік қаржы институттарында, бірінші кезекте «Қазпоштада» орналастырылсын.

Үшінші. «Самұрық-Қазына» Қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарына, оның ішінді «Қазпоштаға» орналастыру мәселесі қаралсын.

Өзгелердің жаңалығы