Депутат «Қазсушар» компаниясының қызметін сынға алды

19 Мамыр 2022, 16:13
1805
Бөлісу:
Депутат «Қазсушар» компаниясының қызметін сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысына сауал жолдады. Ол Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» компаниясының бөгеттері мен су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары негізсіз кешіктіріліп жатқанын айтты. Сөзінше, бұл жобаның қымбаттауына және шаруалардың шығынына әкеліп соқтырып жатыр.

Бүгінгі күні өңірде 196 мың гектар суармалы жерлердің 120 мың гектарына су беретін гидротехникалық нысандар осы кәсіпорынның ШҚО-дағы филиалының балансында. Суармалы жерлердің қалыпты жұмысы «Қазсушар» кәсіпорнына тікелей байланысты. Алайда 2014-2016 жылдары 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған, - деді сенатор.

Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы басшылығының өтініштерінен кейін сенатор кәсіпорынды аралап, жағдаймен сол жерде танысқан. Облыс әкімдерінің ақпараты бойынша құрылыстардың уақытылы аяқталмауының негізгі себептері - жобалық-сметалық құжаттардың сапасыз әзірленуі.

Мысалы, жөндеу жұмыстарының негізсіз кешігуіне байланысты Зайсан ауданындағы Үйден су қоймасын қалпына келтіру құны 851 млн теңгеге өсті, ал Қарғыба өзеніндегі бөгетті жөндеу 320 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Осы жобалардың уақытылы аяқталмауына байланысты 28 646 гектар суармалы жер көп жылдар бойы тиімді пайдаланылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайына және ондаған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен нұқсан келтірді, - деп айтты Дүйсенғазы Мусин.

Ол кәсіпорынның («Қазсушар» - ред.) функциялары жан-жақты зерттеліп, бірыңғай жүйеге келтірілуі маңызды деп есептейді.

Депутат жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында аталған жобаларды аяқтауды қаржыландыруды қарастырып, шешімін табуға көмектесуді сұрады. 

Өзгелердің жаңалығы