Депутат Қазақстанды Африка елдерімен салыстырды

17 Қыркүйек 2023, 16:59
1760
Бөлісу:
Депутат Қазақстанды Африка елдерімен салыстырды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жол саласында тамыр жайған кемшіліктер мен жемқорлықты жоюды талап етіп, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

XXI ғасырда Еуропадан шыққан көліктер Қазақстанға келгенде XIX ғасырдың жолына түсіп кетеді... Жол мәселесіндегі сөзімізді осылай бастауға тура келеді. Иә, «Көрмегенім Қазақстанның жолдары болсын» дейтін шетелдік көлік жүргізушілер көп.., - деді депутат.

Қазыбек Иса Мемлекет басшысы да өз Жолдауында жол мәселесіне арнайы тоқталып өткенін еске салды.

«Жол мұраты – жету» десек, біздегі сапасыз жолдармен жүргенде бұл мақалды ұмытып қаласың... Ел жағдайын жол жағдайынан білуге болады дейтін қағидаға сүйенсек, біздің жағдайымыз африкалық елдер - Кения мен Танзаниядан да кейін қалған. Өйткені Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93 орында екенін әшкереледі. Ал сарапшылар біздегі жолдардың сапасын Моңғолия, Уганда, Эфиопиядан да төмен бағалап отыр, - деп айтты мәжілісмен.

Оның сөзінше, жол жағдайы жақсарса, ел жағдайы да жақсарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызы жөнделіп бітуі қажет.

Елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырым. Оның ішінде 25 мың шақырымы — республикалық маңызы бар күре жолдар, 71 мың шақырымы — жергілікті жолдар.

2007 жылы басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы әлі бітпей жатыр. Мысалы, Қордайдан Алматы облысына шыға берістегі бас мердігерлері басы ауған жаққа қашып кеткен 42 шақырым жолдың 3 шақырымы шаңы аспанға шығып жатқан қаражол, 39 шақырымы ой-шұқыры бітпейтін кеңес заманындағы ескі жол. Жұмыссыз, тоқтап тұрғанына бірнеше ай болды. 228 шақырымды құрайтын Ақтөбе–Хромтау–Ұлғайсын жолы әлі біткен жоқ. Хромтауға дейін 200 шақырымды құрайтын үлкен машина 10-12 сағатта зорға жүріп өтеді, - деп жазды Қазыбек Иса депутаттық сауалында.

Исаның айтуына қарағанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 2015 жылдан бері несие 4 рет ұзартылған. Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстан тас жолдарының 17 пайызы халықаралық стандарттарға сай емес. Тас жолдардың тек 3 пайызы ғана жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған.

Қазыбек Иса ақылы жолдардан түскен алымдар бір жылда 9,1 млрд теңгені құраса, оның 45 пайызы немесе 4,1 миллиард теңгесі ғана сол учаскелерді жөндеуге және күтіп ұстауға кеткенін қоса кетті.

Біздің елде жөнделген жолға кемінде 3 жыл, ал жаңа жолға 5 жыл кепілдік беріледі. Әрине, бұл жолдың кепілдігі 15-20 жыл, тіпті 25 жылға берілетін Еуропамен салыстырсақ, бес еседей аз. Сарапшылардың айтуынша, жол салатын компаниялар мен мемлекеттік мекемелер үш жыл сайын жол жөндетуге ақша бөлгізіп отыру үшін осындай саясат ұстануда. Жыл сайын жол жөндеу үшін кемінде 500-600 млрд теңге бөлінеді. Бір шақырым жолды салу құны біздің елде, орта есеппен, 600-700 млн теңге екен. Бұл Еуропадан екі есе қымбат. Яғни олар екі есе аз ақшаға 5 есе көп жыл шыдайтын жол салады. Керісінше айтсақ, бізде екі есе көп ақша алып, бес есе нашар жол салады. Жол салушылар жоба қандай болса, сондай жол салып беріп отырмыз дегенді айтады, - деп түсіндірді ол.

Депутат Қазыбек Исаның сөзінше, Қазақстанда жол сапасын екі-үш есе артыратын полимер қоспалар бар. Бірақ оны біздің компаниялар қолданбайды. Себебі оларға жол ұзаққа шыдауы қажет емес, жолға бөлінетін миллиардтар қажет.

Бұл жол саласындағы жолға қойылған сыбайлас жемқорлыққа жалғасып жатыр. Миллиардтаған залал келтіріп жатқан жемқорлық тыйылмаса, жолдың сапасыздығы да жалғаса береді. Жол саласына қалай қаржы құйыла бастады, солай бұл жерге жолға еш қаитысы жоқ жемқорлар да жыйыла бастады. Ең басты кінәміз – бізде әр салада өз маманы отырған жоқ. Су саласында суды білмейтін, жол саласында жолды білмейтіндер отыр. Республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып жатыр. Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды жолдары әлі жыр болып келеді, - деді мәжілісмен.

Депутат әлі аяқталмаған басқа да жолдардың құрылысын мысалға келтірді.

Жол сапасының нашарлығы – елдегі адам өлімінің ең басты себептеріне айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекетте жүргізген зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Адам өлімі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылы бір жылда ғана 1064 адам қаза тауып, 4 098 адам жараланған. Алматы мен Астана арасындағы жолдың өзінде талай танымал таланттар апат болғаны белгілі, - деп айтты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Депутаттың айтуынша, еліміз жыл сайын жол апатынан 9 миллиард доллар жоғалтады, бұл – ЖІӨ 4 пайызына тең.

Депутат ақжолдықтардың атынан Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады:

1. Министрлік, облыс әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖолмен» бірлесе отырып, жоспарланған жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуін қатаң міндеттеу қажет.

2. Жол сапасына кінәлі компания шығынды өзі төлеп, жазасын тартуы тиіс.

3. Алматыда сәтті пайдаланылған жол сапасын екі-үш есе артыратын, полимерлер мен адгезиялық қоспалар құны жол сметасына қосылуы керек.

4. Шетелден әкелетін жол полимерлерін өз елімізде өндіру керек.

5. Сапасы мен төзімділігі жоғары бетон жолдарды көбейту керек.

6. Жол саласындағы жолға қойылған жемқорлықты түбірімен жою қажет.

Өзгелердің жаңалығы