Депутат: Қазақстанда жерасты су қорының небәрі 3,5 пайызы ғана пайдаланылып отыр

Бота Елеусізова 2256 ұңғыманы ретке келтіріп, су ресурстарын цифрлық бақылауға алуды ұсынды.

 Су ресурстары және ирригация министрлігі 4 Қараша 2026, 14:48
4 Қараша 2026, 14:48
157
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанда бекітілген жерасты су қорының небәрі 3,5 пайызы ғана игеріліп отыр. Ал елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының өкілі Бота Елеусізова көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Ол Құрылтай отырысында Үкіметке депутаттық сауал жолдап, жерасты су ресурстарын есепке алу, ұңғымаларды ретке келтіру және су пайдалануды цифрлық бақылауға алу қажеттігін айтты.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан үшін су мәселесі алдағы уақыттың ғана емес, бүгіннің де стратегиялық міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су ресурстарын толық әрі нақты есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өткен. Сондай-ақ Үкіметке су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырған.

Бұл міндет «Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген су ресурстарын тиімді пайдалану бағытымен де үндеседі. Алайда еліміздің жерасты су әлеуеті әлі күнге дейін толық пайдаланылмай келеді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қоры тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құрайды. Ал нақты пайдаланылып отырған көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Яғни бекітілген қордың небәрі 3,5 пайызы игеріліп отыр, – деді Бота Елеусізова.

Депутат әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл ресурсты ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттілігіне жарату мүмкіндіктері әлі де толық іске асырылмай отыр.

Сонымен қатар 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына әкеледі әрі қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді, – деді ол.

Бота Елеусізованың пікірінше, жерасты су қорларын анықтаумен ғана шектелуге болмайды. Оларды ғылыми негізде зерттеп, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне пайдалану қажет.

Біздің ұстанымымыз – жерасты су қорларын тек анықтап қана қоймай, оларды ғылыми негізде, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне жарату. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдаланған кезде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, су сапасы, минералдану деңгейі және нақты су алу көлемі міндетті түрде ескерілуге тиіс, – деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуы мен игеру мүмкіндіктеріне кешенді талдау жүргізуді ұсынды.

Сондай-ақ иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру қажеттігін көтерді. Бұдан бөлек, жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді ортақ цифрлық жүйеге біріктіру мәселесін алға тартты.

Депутат ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеуді, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізуді де сұрады. Сонымен бірге жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жерасты сулары – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына мүмкіндік береді, – деді Бота Елеусізова.

Депутат Үкіметтен депутаттық сауалда көтерілген мәселелер бойынша қабылданатын шаралар, оларды іске асыру мерзімдері және күтілетін нақты нәтижелер туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.

Наверх