Балаларымыздың қазақшасы бәрібір нашар – депутат

10 Ақпан 2021, 11:49
2367
Бөлісу:
Балаларымыздың қазақшасы бәрібір нашар – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наталья Дементьева Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке мектептерде қазақ тілін оқытуға байланысты сауал жолдады.

Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деген еді. Кезінде сондай қауіптің қазақ тілінің басына да төнгенін біз бәріміз жақсы білеміз. Ата мен немере екі тілде сөйлесетін күйге түскенін, республиканың астанасы Алматыда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Шүкіршілік, тәубе етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздік ол қауіпті сейілтіп, қазақ тілінің бағын ашты. Алайда «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді ұмытпаған жөн. Ал тілдің тал бесігі не? Ол, әрине, мектеп. Мектептерде мемлекеттік тілді оқытудың жағдайы қай деңгейде? Осы мәселелерге назар аударсақ, талай нәрсенің көңілді көншітпейтінін көріп, жанымыз жабырқайды, - дейді Дементьева.

Ол Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілі 1958 жылдан бастап тұрақты түрде оқытыла бастағанын, 60 жылдан асса да әлі күнге дейін орыс мектептерін бітірушілердің арасында қазақ тілін еркін меңгергендер саны аз екенін айтып, назын білдірді. 

Оқушылар да, мамандар да қазақ тілін оқыту әдістемесінің сапасына қатысты сын айтады. Жаңа оқулықтар жылда шығады, қаражат бөлінеді, әдістемелер, жаңа контенттер толып жатыр. Бірақ балаларымыздың қазақшасы бәрібір нашар. Әрине, мектептерде әртүрлі іс-шаралар өткізілмейді емес, өткізіледі, бірақ олар баланың санасына қаншалықты сіңуде деген сұраққа қатты қиналамыз. Оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Жаттығулары өте күрделі. Қарапайым ауызекі сөйлеу дағдысы қалыптаспаған балаға үйіп-төгіп қиын грамматикалық тапсырмалар беріледі. Мағынасы ауыр өлең-тақпақтарды айтпай-ақ қояйық, - деді депутат.

Ол бұл мәселені шешудің мынадай жолдарын ойластыруды ұсынатынын жеткізді:

Біріншіден, оқушылардың қазақша еркін сөйлеп, қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе алуы үшін мұғалімдер тарапынан айтылым тапсырмаларын сабақ үдерісінде жиі қолдану, оқушының ауызекі сөйлеуіне басымдық беру, осыған қол жеткізуге мүмкіндік жасайтын әдіс-тәсілдерді әзірлеу;

Екіншіден, қазақ тілі оқулығындағы айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым тапсырмаларының тақырыптарға сай келуін бір жолға қою;

Үшіншіден, қазақ тілін еркін меңгеріп, күнделікті өмірге толыққанды енгізу үшін әр мектепте тілдік орта құру. Бұл орайда Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі тілдік ортаға бойлау сыныптарының іс-тәжірибесін әр мектепке енгізуді қарастырған жөн болар еді;

Түптің түбінде қазақ тілінің қазақстандықтардың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Қазірше оны қолдан жылдамдатудың, осы мәселені оңайлатудың қажеті жоқ. Бірақ сол мақсатқа бастайтын қадамдарды осы бастан қолға алу қажет. Ал оны алдымен қолға алатын да, алдымен жүзеге асыратын да – мектеп.

Құрметті Асхат Қанатұлы (Білім және ғылым министрі Аймағамбетов - тілші), біз қазақ тілінің орыс тілді мектептерде оқытылу сапасына мемлекеттік деңгейде мән берілуі міндетті деп санаймыз, - деді Наталья Дементьева.

Өзгелердің жаңалығы