Депутат Кентауды экологиялық аймаққа жатқызуды сұрады

20 Сәуір 2023, 14:49
1477
Бөлісу:
Депутат Кентауды экологиялық аймаққа жатқызуды сұрады
Фото: yujanka.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысындағы Кентау қаласын экологиялық аймаққа жатқызуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сулейменоваға осы мәселеге қатысты сауал жолдады.

Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары Арал экологиялық апат аймақтарына жатады. Бұл өңірлермен бір әкімшілік, климаттық деңгейде орналасса да, Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы сол тізімге енбей қалды, - деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде Кентаудың қасындағы Түркістан қаласы мен Сауран, Созақ аудандарының халқы экологиялық апат аймағына жататындықтан бюджеттік сала қызметкерлері жалақыға қосымша 1.2 коэффициент әлеуметтік көмек және жыл сайын төленетін демалысқа қосымша 7 күнтізбелік күн, медициналық сауықтыруға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем алады. Депутат Ұласбек Сәдібеков Кентау халқына мұндай ерекшелік берілмегенін айтады.

Тіпті қалаға қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Сондықтан Кентау қаласын экологиялық аймаққа жатқызуға болады деп ойлаймын. Сонымен қатар Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында да осыған ұқсас жағдай болып жатыр. Бәйдібек ауданы экологиялық аймаққа жататын Арыс қаласы және Созақ ауданымен шекаралас орналасқан, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Қазіргі кезде Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал 2022 жылы 62,4 болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы