Депутат инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларды көтерді

6 Наурыз 2019, 16:19
2310
Бөлісу:
Депутат инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларды көтерді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларды көтерді.

«Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтарды инклюзивті тәсілмен оқытатын және арнаулы кәсіптік білім беретін 29 техникалық және кәсіптік оқу орны бар. Бұл оқу орындарында түрлі топтағы мүгедек жандарды оқытуда шешімін таппаған проблемалар бар. Оқушылар контингентінің медициналық нұсқауларына және мүмкіншіліктеріне қарай оқу орындарының қызметі бойынша ерекшеліктері бар екенін ескеру керек. Мәселен, Кентау қаласында тіреу-қимылдау жүйесі бұзылған адамдарды оқытуға және медициналық айығуға мамандырылған «Арнаулы кәсіптік колледж» бар. Колледж облыстық бюджеттің қаражатына қамтамасыз етілген. Оқу орнында жыл сайын еліміздің 6 өңірінен 16 жастан 35 жасқа дейінгі 80 студент цифрлы мәліметті өңдеу маманы, бухгалтер және тігінші мамандықтарын алады. Осыған жағдай жасауға, медициналық айығуға және емдік физикалық шынықтырумен айналысуға жергілікті атқарушы органдар және өңірдің кәсіпкерлері қолдау көрсетуде», - деді мәжілісмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, 3 қабатты ғимараттың оқыту бөлмесі, тұрмыс және жатын бөлмелері, материалдық-техникалық және медициналық-әлеуметтік базасы осы колледжде оқығысы келетіндердің ынтасының үштен бір бөлігін ғана қанағаттандырады.

«Мысалы, ғимаратта лифтілердің жоқтығынан колледж арбаға таңылған мүгедектерді оқуға қабылдаудан бас тартады. Ал арбамен қозғалатындар жыл сайын оқуға құжат тапсыратын 200-240 талапкердің шамамен 40 пайызын құрайды. Оқуға қабылданған тіреу-қимылдау жүйесі бұзылған студенттер колледждің жатақханасы ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында орналасқандықтан сабаққа қатысу үшін күнделікті бірнеше рет баспалдақпен көтеріліп, түсуі керек. Колледжде арнайы көліктің болмауы оқушылардың жақын маңайда орналасқан кесенелерге баруын айтпағанда, тікелей өндіріспен танысу үшін кәсіпорындарға бару мүмкіндігінен айырады. Сонымен қатар, спортзал және спорт алаңының жоқтығынан колледж оқушылары үшіе толыққанды спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ», - деді Мәжіліс депутаты төменгі палата отырысында.

Осы орайда, депутат келесі мәселелерді қарастыруды сұрады:

1. Мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жеке тұлғаларға жұмысқа тұру кезінде БЖЗҚ-дан анықтама ұсыну туралы жалпы талаптарды қоймау;

2. Оқушылардың географиялық контингентін ескеріп, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар «Арнаулы кәсіптік колледж» коммуналды мемлекеттік мекемесіне республикалық мекеме статусын бере отырып, республикалық бюджеттің балансына беру;

3. Мамандық алуға ынталы, ерекше білім беруге қажеттілігі бар тұлғаларды барынша қамту мақсатында «Арнаулы кәсіптік колледждің» оқу және қосалқы бөлмелерін көбейту;

4. Оқушылар контингентінің медициналық нұсқауларын және мүмкіншіліктерін ескеріп, мамандарды дайындау тізімін ұлғайту;

5. Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар азаматтар арасынан мамандарды дайындайтын интернат типті білім мекемелері үшін негізгі бюджет есебінен қамтамасыз етілетін қызметтер тізіміне түнгі тәрбиеші, заңгер, жетім балалармен жұмыс бойынша әлеуметтік педагог, педагог-ұйымдастырушы, массажист, жастармен жұмыс бойынша педагог қызметтерін қарастыру;

6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысымен педагогикалық қызметкерлерге қарастырылған қосымша ақыларды интернатты типтегі мекемелердің барлық қызметкерлеріне тарату;

7. 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін аталған колледжді жүк-жолаушы лифтімен жабдықтау мүмкіндігін қарастыру.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы