Бүгінде Қазақстанда ресми жалақыдан бірнеше түрлі салық пен міндетті төлем ұсталады. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, жалпы алғанда жеті түрлі салық пен төлем бар және оларды жұмыс беруші де, жұмыскер де төлейді.
Бүгінгі таңда елімізде ресми жалақыдан біраз салық ұсталады. Нақтырақ айтсам, 7 түрлі салықпен төлем алынады. Бұл салықтарды жұмыс беруші де, қызметкер де төлейді. Алайда бұл төлемдерді бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда жұмысқа орналасатын азамат ең алдымен қолына алатын нақты жалақы мөлшерін сұрайды. Мысалы, жалақысы 200 мың теңге болса, “маған қолға 200 мың теңге берілсін” дейді. Ал жұмыс беруші керісінше, қызметкерге жұмсалатын жалпы шығынды есептейді. Яғни салықтар мен төлемдерді қосқанда қанша қаражат кететінін біледі, – дейді депутат.
Оның сөзінше, нақты мысал ретінде 430 мың теңге ресми жалақы алатын қызметкерді алуға болады. Осы соманың шамамен 146 мың теңгесі түрлі салықтар мен төлемдерге жұмсалады. Яғни қызметкердің нақты қолға алатын табысы мен жұмыс берушінің шығыны арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Бұл шамамен 41 пайыздық жүктемені білдіреді.
Осыған байланысты депутат барлық төлемді біріктіріп, бірыңғай төлем жүйесін енгізуді ұсынады.
Бұл төлемдерді бөліп-жарудың қажеті жоқ. Жұмыс беруші мен жұмыскер үшін ортақ бір төлем ретінде қарастырып, бір квитанциямен төлеу жүйесіне көшу керек. Сонымен қатар, жалпы жүктемені қазіргі 40 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету қажет, – деді ол.
Қошмамбетовтің пікірінше, мұндай қадам нақты нәтиже береді. Қазір елде шамамен 9 миллион азамат жұмыс істейді, бірақ олардың 2 миллионға жуығы ай сайын зейнетақы, медициналық сақтандыру және әлеуметтік төлемдерге тұрақты түрде қатыспайды.
Бұл – үлкен тәуекел. Мұндай азаматтар болашақта мүлде зейнетақы алмауы немесе өте аз мөлшерде алуы мүмкін. Яғни олар әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топқа айналып отыр, – дейді депутат.
Ол болашақта қауіп болмауы үшін оларды қорғау керегін айтты. Оларды қорғау үшін ең алдымен кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасау қажет.
Біз бәрін ресми түрде еңбек келісімшарттары арқылы жұмысқа тартуымыз керек. Мәселені тек айыппұл салу немесе мәжбүрлеу арқылы шешу мүмкін емес. Бұл үшін жүйе екі тарапқа да тиімді болуы тиіс, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл бастаманы Үкіметтің экономикалық блогы – Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі қолдап отыр. Қазіргі таңда негізгі мәселе әлеуметтік блокқа қатысты болып отыр.
Егер әлеуметтік блок өз ұстанымдарын қайта қарап, икемділік танытса, бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік бар, – деді Қошмамбетов.
Ол сондай-ақ мұндай тәжірибе шетелде де бар екенін атап өтті.
Мысалы, Англияда мен Эстонияда осындай жүйелер енгізілген. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, көлеңкелі экономика айтарлықтай қысқарған, – дейді депутат.