Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат елдегі әлеуметтік-экономикалық саясатты сынады

18 Маусым 2025, 13:58
838
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжілістегі Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палата есебін талқылау кезінде ЖСДП фракциясының депутаты Асхат Рақымжанов елдегі әлеуметтік-экономикалық саясатты сынға алып, кедейлік деңгейінің өсіп, халықтың күнкөрісі төмендеп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлер, депутаттар ауысып жатыр, бірақ қарапайым халықтың өмірі оңалмай тұр. Статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылы елдегі кедейлік деңгейі 2,7% болса, биылғы жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 5,1%-ға жетті. Бұл – ресми дерек. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен үйінде ұсақ шаруашылық жүргізіп жүргендер бұл тізімге мүлде енбей отыр, – деді депутат.

Оның айтуынша, елде тұтынушылық несие көлемі жыл сайын артып келеді. Алайда азаматтар бұл қарыздарға тұрмыстық техника емес, ең қажетті азық-түлікті сатып алуға мәжбүр.

Импортты алмастыру саясаты нәтиже бермей отыр. Миллиардтар жұмсалған алмалық бақтарға қарамастан, супермаркеттердің сөрелерінде негізінен қытай және польшалық алма. Қазақстанда өсірілгендер болса да, бағасы шетелдікінен қымбат. Қарапайым картоптың өзін өзімізде емес, Қытайда өсірілгенін сатып алып жатырмыз, - деді ол.

Депутат азық-түлік бағасын арзандату механизмін де тиімсіз деп бағалап, оның нақты мұқтаж азаматтарға бағытталмай отырғанын сынға алды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын төмендету саясаты қайта қарауды қажет етеді. Бұл 29 негізгі өнім бәріне бірдей арзандатылған. Бірақ сол жеңілдіктер ұсынылатын супермаркеттерге барлық санаттағы азаматтар барады. Ал біз нарықтық тетіктерді енгізуге тырысып жатқандықтан, шын мәнінде бағаны ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Салдарынан мұқтаж азаматтар нақты қолдаусыз қалып жатыр, - деді Асхат Рақымжанов.

Оның айтуынша, елде ең төменгі күнкөріс деңгейі нақты қажеттілікке сай келмейді.

Партия жүргізген мониторингке сәйкес, орташа қазақстандық отбасының тек ең қажетті азық-түлікті сатып алуы үшін кемінде 70 мың теңге қажет. Осыған сүйене отырып, ЖСДП фракциясы күнкөріс минимумын 115 710 теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

 

Өзгелердің жаңалығы