Депутат балаға төленетін жәрдемақыны көтеруді ұсынды

2 Ақпан 2022, 15:56
1223
Бөлісу:
Депутат балаға төленетін жәрдемақыны көтеруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі жүйе қиын өмірлік жағдайдағы, қолайсыз және аз қамтылған отбасындағы балалардың құқығын қорғаудың нақты қажеттіліктеріне жауап бермейді. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Ол атап өткендей, Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялап, бос ұрандар мен мерекелерді қойып, билік органдарына балалық шақты қорғауда нақты шараларға назар аударсын деп тапсырма берді.

Отбасылардың жағдайы бірдей емес, бір жерде ата-ана балаларын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алса, енді бір жерде ондай мүмкіндік жоқ. Кемінде 625 мың, демек әрбір оныншы бала, аз қамтылған отбасында тұрып жатыр. Мұндай отбасыны қолдаудың бір түрі - атаулы әлеуметтік көмек, яғни АСП. Алайда оның (жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылықты білдіретін) мөлшері тіпті қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жетпейді. Мысалы, жан басына шаққққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 6 адамнан тұратын отбасына берілетін АӘК 7мың теңгедей ғана, - дейді депутат.

Оның сөзінше, көмекке мұқтаж баланы немесе отбасын өздігінен анықтап, көмек көрсетудің орнына, жұмыс тек келіп түскен өтінішпен жүргізіліп жатыр. Бұған дәлел - біздің Кеңестің өзі, өңірлерді аралау барысында аз уақыт ішінде мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлдем естімеген, қандай құқықтарының бар екендігін білмейтін, құжаттары жоқ болған соң қарапайым қызметтер мен көмек түрлерін ала алмай жүрген 200-ден астам отбасын анықтады.

Ешқашан мектепке бармаған 10-13 жастағы балаларды, аурулары барына қарамастан, туғаннан бері ешқандай медициналық тексеруден өтпеген балаларды көрдік. Бұл отбасылар туралы учаскелік полицейлер Әкімдіктерді хабардар етсе де, олар адам шошырлық жағдайда өмір сүрулерін жалғастырған. Бүгінде 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында, ал қолайсыз жағдайда деп есепте тұрған отбасыларда 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Нәтижесінде әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі көбінесе бала құқықтарының бұзылуы мен қайғылы салдарларға, яғни оның балалар үйіне түсуіне және зорлық-зомбылыққа әкеп соғады, - деп түсіндірді Динара Зәкиева.

Депутат атағандай, былтыр 2 888 сегіз балаға қарсы қылмыс жасалған. Демек, күніне 6 бала.

Мұның себебі неде? Функционалдық талдауымыз көрсеткендей, отбасы және бала құқықтарын бұзудың алдын алу мәселелері немқұрайлы, әрі соңғы кезекте қаралып жүр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның жұмысы көп жағдайда тек формалды түрде ғана. Комиссия мүшелерінің жұмыстың көптігінен отбасыларға баратын уақыты жоқ. Ал үйлестіру мен бақылау қызметі бір ғана хатшыға жүктелген. Осылайша, өңірлердегі жағдай әкімдіктер отбасы мен бала мәселелерін жүйелі түрде шешуден алыстағынын дәлелдейді. Өңірлердің түгелге жуығы алдағы 5 жылға арналған Аумақты дамыту жоспарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, құқықығын қорғайтын, отбасы институтын нығайтатын нысаналы индикаторларды көздемеген, - деді ол.

Депутат Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспарына бірнеше мәселені енгізуді ұсынды. 

Бірінші. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдаудың тиімділігін арттыру үшін АӘК-ты әр балаға күнкөріс минимумына дейін арттыру. Яғни бір балаға 36 мың теңге. Бұл үшін қосымша 225 млрд теңге керек. 

Екінші. Елді мекендерде отбасына кешенді түрде көмектесу және бала құқықтары бұзылуының алдын алу жөніндегі өкілетті органдар арасында жұмысты үйлестіріп отыратын және тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Отбасы, жастар және балалар істері жөніндегі дербес басқарма құру. 

Тәжірибе көрсеткендей, көмек дер кезінде көрсетілсе, отбасы мен баланы қиын өмірлік жағдайдан шығару әбден мүмкін. 

Мұны Кеңес бастамасымен құрылған, құрамына әкімдік өкілдері де кіретін жедел әрекет ету топтары жұмысының нәтижесі растайды. Мәселен,былтырдың өзінде олар көмекке мұқтаж 17 мың отбасын анықтап, оларға кешенді түрде көмек көрсетті. 10 мың адамды жұмысқа орналастырды, құжат, жәрдемақы және тұрғын үй алуға жәрдемдесті. 

Үшінші. Стратегиялық құжаттарда көрсетілген отбасы институтын нығайту, отбасылық қолайсыздықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға қатыгез қараудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлердің Аумақты дамыту жоспарларына енгізу.

Өзгелердің жаңалығы