Депутат бағаны реттеудегі мемлекеттік органдардың сылбырлығын сынға алды

26 Маусым 2021, 23:45
1236
Бөлісу:
Депутат бағаны реттеудегі мемлекеттік органдардың сылбырлығын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілісте азық-түлікке қатысты мәселелер талқыланған Палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиынға Ауыл шаруашылық, Сауда және интеграция вице-министрлері, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясының басқарма мүшелері, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, «Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ, қауымдастық және бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шарада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев баяндама жасап, елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі ауыл шаруашылығының даму деңгейімен ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығымен байланысты салалардың — логистика, сауда, сақтау, жолдардың, көлік қатынастарының, қаржы секторының және тағы басқа да салалардың дамуымен анықталатынына тоқталды.

Депутаттар отырыс барысында әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі, импортқа тәуелділік мәселелері сияқты бірқатар проблемаларды көтерді. Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев жыл сайын мамыр-маусым айларында дәстүрлі баға өсімі байқалатынын айтып:

Бұл маусымаралық кезеңдегі тауар қорларының азаюымен түсіндіріледі. Дегенмен, биыл біз алдыңғы жылдары орын алмаған, баға өсімінің үлкен қарқынын көріп отырмыз. Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер – картоп, сәбіз, пияз, сондай-ақ, импортқа тәуелді өнімдер – қант, қарақұмық жармасы және жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар күнбағыс майы, – деді.
Мәжіліс депутаты Шамиль Осин көкөніс нарығына қатысты, мал шаруашылығы бөлігінде жем-шөп базасының болмауы, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру мәселелері сияқты біршама маңызды мәселелерге назар аударып, сәбіз бен картоптың және күнбағыс майы, қант, қарақұмық, тауық еті мен жұмыртқа бағаларының көтерілгенін атап өтті.

Сондай-ақ елімізде бірінші кезектегі тауарлар бағасының мұндай өсуі пандемияға байланысты ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдардың нақты өзара іс-қимылының болмауы мен жауапты министрліктің жұмысы салдарынан қалыптасқан жағдай екеніне назар аударды. Отырыста ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен тамақ өнеркәсібінің қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдері сөз сөйлеп, проблемалық мәселелер туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Өз кезегінде депутаттық корпус көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, уәкілетті органдарға олардың шешу жолдарын әзірлеуді ұсынды. Нәтижесінде, аталған мәселелер жан-жақты талқыланып, дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы