Депутат «авторитет» ағаларды жағалаған жастардың көбейіп кеткенін айтты

5 Қаңтар 2023, 18:06
1607
Бөлісу:
Депутат «авторитет» ағаларды жағалаған жастардың көбейіп кеткенін айтты

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан «авторитет» ағаларды жағалаған жастардың көбейгені сонша, қоғамда «Бөкеңнің жігіттері», «Төкеңнің балалары» деген топтардың атынан ат үркетін жағдайға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның саяси тарихында қара дақ болып қалған қаңтар қасіретін Мәжіліс қабырғасында екінші рет кең ауқымда талқыладық. Бұл жастарының жадында жаңғырып тұратын, бәлкім мәңгі сақталатын ауыр оқиға. Сол бір сұрапыл күндерде көшеге шыққан жастардың сауатты бөлігі елді қиратамыз деп емес, керісінше, надандық пен әділетсіздікке, тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлық пен қызмет бөлістегі жөнсіз қамқорлыққа, бір қолға шоғырланған байлыққа, жұмыссыздыққа, баспанасыздыққа, жастар саясатындағы салғырттыққа қарсы күрес үшін деп шықты. Қоғамда әділеттік орнатамыз, отбасылық кландарды жоямыз, ашық саясатқа жол ашамыз деп сенді, - дейді Жанарбек Әшімжан.

Сөзінше, ең өкініштісі - өрімдей жастарымыздың басым бөлігі содырлардың алдауына, мемлекетті күшпен басып алу арқылы төңкеріс жасауды көксеген теріс пиғылды опасыздардың арбауына ілікті. 

Опасыздықтың шегі сол - мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында саяси қызметтегі адамдардың болғаны. Ұлттың қауіпсіздігін сеніп тапсырған адам Тәуелсіздіктің іргесін шайқап, мемлекетке қауіп төндірген соң басқадан не үміт, не қайыр? Бұдан шығатын қорытынды - жоғары лауазым иелері елдің болашағына сенген жастардың сеніміне сатқындық жасады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруі үшін, жастарға қару ұстатып, оларды террорлық әрекет етуге итермеледі. Естен тандыратын синтетикалық есірткі мен ащы суды оңды-солды таратқанын тергеу изоляторларын аралағанда өз құлағыммен естідім, - деп айтты депутат.

Жанарбек Әшімжан айтқандай, қаңтарда алданған, арбалған жастар қолшоқпарға, құралға айналуы - салдар ғана, ал мұның себебі тым тереңде. Мысалы, қоғамның басты індетіне айналған барлық саладағы, яғни денсаулық, білім беру, сот жүйесі, ауылшаруашылық, мұнай-газ секторы, жер қатынасы, кеден жүйесіндегі жолға қойылған жүйелі жемқорлық, бай баласы мен кедей баласының арасындағы мүмкіндіктер алшақтығы, тамыр-таныстыққа құрылған сыбайластық, әділетсіз келген байлық сияқты тізіп кете беруге болады. Бұл - Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық кеңістігіне жылдар бойы батпандап кірген «аурулардың» бір парасы ғана.

Бұған қоса, жастар арасында адал еңбектің, білімнің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. «Авторитет» ағаларды жағалаған жастардың көбейгені сонша, қоғамда «Бөкеңнің жігіттері», «Төкеңнің балалары» деген топтардың атынан ат үркетін жағдайға жетті. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзды. Тіпті заңды белден басу, құзырлы орындардың басынан аттап өту беделге айналды. Олар үшін қару ұстап, әлсізге әлімжеттік көрсетіп, кәсібін тартып алу батырлыққа теңестірілді. Соның салдарынан бір топ жастар қаңтар оқиғасында қылмескерлер арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық іс-әрекеттерінің құрбаны болды, - дейді ол Мәжілісте айтқан сөзінде.

Әшімжан айтып өткендей, қаңтардағы қайғылы оқиғалар жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімделуінде үлкен олқылықтардың бар екенін айқын көрсетті. 

Сол күндері қылмыскер болуға, елін опасыздардың қолына беруге дайын жас азаматтарымыздың бар екенін шыққыр көзіміз көрді. Бұл аса қауіпті үрдіс. Алайда бұл құбылыс аспаннан құлап түскен жоқ, бұған жылдар бойы мадақ пен мақтаннан арыла алмаған, жалған ұрандарға алданған идеологиялық кеңістіктегі кемшілік пен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жастарға деген қалдықты принциппен қараудың нәтижесі деп білемін. Әрине еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Дегенмен біздің өзге Отанымыз жоқ. Сондықтан, адал еңбек пен озық білім бағаланатын қоғам құру үшін жастар көп еңбектену керек, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Ол Мемлекет басшысының бастамасымен түбегейлі саяси реформалар жүзеге аса бастағанын еске салды. Оның жалғасы терең экономикалық, әрі әлеуметтік реформалармен көмкерілуі тиіс. Ол үшін отаншыл менің замандастарым қамдануы қажет. Сондықтан еліміздің алған беттен бұрылмауы, адал міндеттен таймауы әрқайсымызға қасиетті парыз.

Өзгелердің жаңалығы