Депутат: Астанада құрылысы 13 жыл басталған жылу электр орталығы әлі бітпей тұр

20 Маусым 2023, 16:42
607
Бөлісу:
Депутат: Астанада құрылысы 13 жыл басталған жылу электр орталығы әлі бітпей тұр
Фото: BAQ.KZ

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі тұстары мен өзекті проблемаларын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол құрылыстың нормативтік мерзімдері сақталмайтынын айтты. Депутат атап өткендей, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі, оны іске асыру барысында жобалық шешімдердің өзгеруі объектілердің уақытша тоқтатылуына және қымбаттауына алып келеді. Осылайша оларды іске асыру мерзімі созылып кетеді.

Сәдібеков 2022 жылы мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындамауы себебінен 18,1 млрд теңге игерілмей қалғанын қоса кетті.

Мысалы, Қарағанды қаласында құны 6,1 млрд теңгені құрайтын 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы 2013 жылы басталған. Мердігерге қойылған талаптарға байланысты жұмыс 4 жылға (2017-2020 жылдар) тоқтатылды. Нәтижесінде орындалған және орындалмай қалған жұмыстардың құны 2 еседен астамға өсе отырып, 12,5 млрд теңгені құрады, - деді депутат.

Ұласбек Сәдібеков бірлескен отырыста Астана қаласындағы сапасыз жоспарланған 3-ші Жылу электр орталығының құрылысын да мысалға келтірді.

Жобаны 65 айда (5,4 жыл) іске асыру жоспарланған болатын. Құрылысы 2010 жылы басталған объект биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлі аяқталмай отыр, сөйтіп, жобаның құны 35 млрд теңгеге (86,8 млрд теңгеден 122 млрд теңгеге дейін) ұлғайды, - деп айтты депутат.

Оның айтуынша, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатының тек игерілуін ғана бақылау практикасынан алшақтап, жергілікті атқарушы органдардың жобаларды іске асыруын бақылау мен мониторингтеуді күшейтуге баса назар аударуы қажет.

Өзгелердің жаңалығы