Депозитке 20 млн теңге лимит: Қазақстанда кейбір банктерге жаңа талап қойылды

Қазақстанда кейбір банктердегі жеке тұлғалардың депозит көлеміне шектеу қойылды

4 Қыркүйек 2026, 15:27
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 4 Қыркүйек 2026, 15:27
4 Қыркүйек 2026, 15:27
310
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда базалық банк лицензиясы бар банктер үшін жаңа талаптар белгіленді. Мұндай банктердің жиынтық активтері 500 млрд теңгеден аспауы тиіс. Ал бір жеке тұлғаның депозиттері мен банк шоттарындағы қаражатының жалпы көлемі 20 млн теңгемен шектеледі.

Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы қабылдады.

Жеке тұлғалардың қаражатына мынадай лимиттер белгіленді:

20 млн теңгеге дейін – ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша;

10 млн теңгеге дейін – теңгедегі өзге депозиттерге, оның ішінде банк шоттарындағы ақшаға;

5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер мен банк шоттарындағы қаражатқа.

Бұл ретте шектеулер клиенттің барлық қаражатының жиынтық көлеміне қатысты қолданылады. Егер бір клиенттің бірнеше депозиті мен банк шоты болса, олардағы жалпы күнделікті қалдық 20 млн теңгеден аспауы тиіс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктер жоқ. Қазір нарықта әмбебап лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер жұмыс істейді және оларға бұл талаптар қолданылмайды.

Қаулы 2026 жылғы 13 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Наверх