Профессионалдар. Стоматолог

14 Ақпан 2019, 17:00
23930
Бөлісу:
Профессионалдар. Стоматолог
VIDEO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Стоматолог науқасқа тісін емдету керек екенін, қажет жағдайда жұлып алуға тура келетінін айтады. Мұндай жаңалық кімге болсын ұнай қоймайтыны анық. Тіпті, түсіңде тісің түсіп қалса да жамандыққа жорып жатамыз. Тісінің түсіп қалуынан соншалықты қорқатын адам не себепті күтіммен қарамайды? Ауыздан жағымсыз иіс шығуының тіске қаншалықты қатысы бар? Ауыз қуысында тіске байланысты қандай ауру түрлері бар? Тілшінің осы және басқа сұрақтарына стоматолог Айман Мұхаметқали жауап берді.



Стоматологқа ауруы асқынып кеткенде ғана барады

BAQ.KZ: Тісті стоматологқа қаншалықты жиі қаратып тұрған жөн?

Айман Мұхаметқали: Бұл адамның өмір салтына байланысты. Егер зиянды сусындарды жиі ішіп, темекі жиі шегетін болсаңыз – стоматолог көмегіне жиі жүгіну керек болады. Профилактика үшін жылына екі-үш рет стоматологқа қаралып тұрған жөн. Ал балалардың тісін әрбір үш ай сайын қаратып, емдетіп тұру керек.

BAQ.KZ: Тісті күніне неше мәрте тазалаған дұрыс?

Айман Мұхаметқали: Тісті тамақтанып болған сайын тазалап тұру қажет, бірақ тіс пастасы мен щеткасын үнемі өзімізбен бірге ұстап жүре алмаймыз. Сол себепті біз күніне екі рет – таңғы астан кейін және кешке жатар алдында тіс тазалау керектігі туралы кеңес береміз. Тамақ ішіп, ауқаттанған сайын ауызды бір кесе сумен шайып отырған дұрыс.

BAQ.KZ: Тіске қанқұрт түсу себептері неде? Ол жұқпалы дерт пе?

Айман Мұхаметқали: Қанқұрт тістен тіске, адамнан адамға жұқпайды. Тіс гигиенасы жақсы болса – қанқұрт болмайды. Қанқұрт асқынған кезде ғана тіс ауырады. Көптеген адам стоматологқа асқынып кеткен кезде ғана барады.

Тіс ағарту – зиян

BAQ.KZ: Жүктілік кезеңінде тіс емдету қаншалықты қауіпті?

Айман Мұхаметқали: Әйел жүктілікті алдын ала жоспарлап, алдын ала дайындалуы керек. Денсаулығына мұқият қарап, медициналық тексерістен өткені жөн. Болашақ ана тісінде қанқұрт бар екенін жүктілік кезеңінде білсе – бастапқы 7 күнге дейін, 3-7 апта аралығында және жүктіліктің үшінші кезеңінде емделуге болмайды.

BAQ.KZ: Тіс ағартуға арналған пасталар тісті қаншалықты ағарта алады? Ол зиян емес пе?

Айман Мұхаметқали: Тістің түсі адамның ұлтына, нәсіліне қалай әртүрлі болады. Тісті ағартатын арнайы пасталар болады, бірақ ол зиян. Соған қарамастан көбіміз тісіміздің аппақ болғанын қалаймыз. Арнайы пастамен тісті 1-8 тон аралығында ағартып бере аламыз. Тіс біржола ағарып кетпейді. Жылына бірнеше рет қайталап ағартып отыру керек. Ол сізге қаншалықты қажет екенін өзіңіз шешесіз.

Тісінің түсіп қалуынан соншалықты қорқатын адам не себепті күтіммен қарамайды? Ауыздан жағымсыз иіс шығуының тіске қаншалықты қатысы бар? Ауыз қуысында тіске байланысты қандай ауру түрлері бар? Тілшінің осы және басқа сұрақтарына стоматолог Айман Мұхаметқали жауап берді.


Ауыздан жағымсыз иіс шығу себептері

BAQ.KZ: Ақыл тіс неше жастан бастап шығады? Оны жұлып алып тастау керек пе?

Айман Мұхаметқали: Әдетте ақыл тіс 18-20 жастан бастап шығады. Ақыл тісі шықпайтын адамдар да болады. Оның шығу-шықпауы азу тістің орналасуына байланысты. Азу тіс көлденеңінен орналасса, ақыл тіс сүйек ішінде қала береді. Ақыл тіс қасындағы тістерге кері әсер етіп, қызыл иекті ауыртып, мазаңызды алса – алып тастауға болады. Ал себепсіз алып тастаудың қажеті жоқ.

BAQ.KZ: Ауыздан жағымсыз иіс шығуы неге байланысты?

Айман Мұхаметқали: Ауыздан жағымсыз иіс шығуы адамның тісі, ауыз қуысына ғана емес, гастрит, панкреатит, холицестит сияқты іш құрылысы және фарингит, ларингит, гайморит сияқты тамақ ауруларына байланысты. Қанқұрттан басқа, пародонтит, пародонтоз сияқты қызыл иек аурулары да ауыздан жағымсыз иіс шығуына себеп болуы мүмкін. Газдалған сусын және басқа да тамақтардың қалдықтары тіске жабысып, тасқа айналады. Оны стоматологқа барып, уақытылы тазартып отыру керек.

BAQ.KZ: «Баланың сүт тісі түсіп қалып, орнына жаңа тіс шығатындықтан, қанқұрт болған жағдайда емдетпей қоюға болады» деген қаншалықты дұрыс ақпарат?

Айман Мұхаметқали: Сүт тістер жайдан жай шыға салмайды. Ол ағзамызды ересек өмірге дайындау үшін керек. Әр сүт тістің орнына басқа тіс шығады, демек оған күтіммен қарау қажет. Егер оны дұрыс емдемесе – болашақта ортодонт маманға баруға тура келеді. Қазір ортодонтқа бару «сәнге айналды» десе болады.

Баланы тіс дәрігерімен қорқытуды қою керек

BAQ.KZ: Брекетті не себепті тағады? Оның түрлері қандай?

Айман Мұхаметқали: Брекетті қисық өскен тісті түзету үшін тағады. Оның темірден, керамикадан, пластикадан, жақұттан жасалған түрлері болады. Осылардың ішіндегі ең қолжетімдісі – металдан жасалған брекет. Оны адамның жасы, денсаулық жағдайына қарай бір жылдан астам уақыт тағады.

BAQ.KZ: Дәрігерлердің ішінде стомотологқа бару көбіміздің көңілімізге қорқыныш ұялатады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

Айман Мұхаметқали: Оның бәрі бала кезден қалыптасқан қорқыныш. Совет кезінде стоматологиялық құрылғылар қазіргідей дамымаған болатын, сол себептен болар ата-аналар балаларын «тіс дәрігеріне апарам» деп қорқытатын. Қазіргі уақытта біз заманауи құрылғыларды қолданамыз. Баланы ешқашан олай қорқытуға болмайды, керісінше тісті күтуді, уақытымен қаралып тұруды үйрету керек. Ең бастысы – стоматологқа алғаш келген баланы қорқытып алмау. Олар қорқып қалмас үшін емделу алдында немесе емделгеннен кейін сыйлықтар беріп, балалардың көңілін аулаймыз. Баласының көңіл-күйі жақсы екенін көрген ата-ананың да көңілі жай табады.

BAQ.KZ: Тіс импланты шіріген соң бассүйекті де шірітіп жіберетіні туралы ақпарат қаншалықты рас?

Айман Мұхаметқали: Тіс жұлғаннан кейін оның орны бос қалады. Сол себепті жұлынған тістің бос орнына тіс имплантын жасау керек. Имплант титаннан жасалады. Ол шіріп кетпейді және адам ағзасына жақсы бейімделген. Біз имплантты кез келген адамға сала бермейміз. Оны салу үшін адамның денсаулық жағдайына қараймыз. Егер адам қант диабеті және басқа да жүйелік ауруларға шалдыққан болса – имплант салынбайды.

Уақтылы емделіңіз

BAQ.KZ: Жұмыс барысында қандай қызықты жағдайлар болады?

Айман Мұхаметқали: Сырт бейнесіне жақсы мән беретін адамдар болады. Олар шашын да жақсы күтеді, жақсы боянып, жақсы киінеді. Бет-әлпетіне қарап сүйсінгенмен, аузын ашып қалғанда шошып кететін жағдайлар болады. Ондай адамдардан неге ауыз қуысына, тісіне дұрыс мән бермегенін сұрасақ, көбі қолдары тимейтінін, мән бермейтінін айтады. Бұл – үлкен қателік.

BAQ.KZ: Оқырмандарға стоматолог ретінде қандай кеңес айтасыз?

Айман Мұхаметқали: Адамның денсаулығы ауыз қуысынан басталады. Тамақты дұрыс шайнап жемесеңіз – оны асқазан дұрыс қорытпайды. Одан кейін іш құрылысы аурулары пайда болады. Адамның тісі сау, түгел, бүтін, таза болуы керек. Адам өзін жақсы көруі керек. Тісіңіздегі қанқұрт және басқа да сіз көре алмайтын ақауларды біз көре аламыз, сондықтан арнайы маманға барып қаралудан қорықпаңыздар. Асқынып кетуін күтіп жүрмей, дәрігерге уақытылы қаралып жүріңіздер.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Зарина Әбілмәжінова

Видеооператор: Кенжетай Ақсейт

Өзгелердің жаңалығы