- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Декреттік төлемді көбейтіп береміз»: Қазақстанда әлеуметтік төлем алудың қандай заңсыз схемалары анықталды?
«Декреттік төлемді көбейтіп береміз»: Қазақстанда әлеуметтік төлем алудың қандай заңсыз схемалары анықталды?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
27 Қараша 2026, 11:28
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін жалған жұмысқа орналастыру, табысты қолдан көбейту және жалған құжат рәсімдеу фактілері анықталып жатыр. Кейбір азаматтарға әлеуметтік желі арқылы «декреттік төлемді көбейтіп береміз», «бала күтімі бойынша төлемді ұзартып береміз» деген ұсыныстар жасалады. Алайда мұндай қызметтер заңсыз схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Мемлекеттік органдар мұндай әрекеттерге қатысқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Әлеуметтік төлем алудың қандай заңсыз схемалары бар екенін BAQ.KZ шолуынан оқи аласыз.
Жалған жұмысқа орналастыру арқылы миллиард теңгеден астам төлем алынған
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары әлеуметтік төлемдерді заңсыз тағайындау деректері бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген 13 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
Оның ішінде жүктілік пен босануға байланысты төлемдерді заңсыз алу фактілері бойынша 10 іс тергеліп, заңсыз схемаларды ұйымдастырған 15 адам жауапқа тартылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, жалған жұмысқа орналастыру арқылы 385 жүкті әйелге шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер негізінде әлеуметтік төлем тағайындалған. Соның салдарынан мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам залал келген.
Схеманың мәні – жүкті әйелдерді іс жүзінде жұмыс істемейтін кәсіпорындарға немесе жеке кәсіпкерліктерге қызметкер ретінде тіркеу. Кейін олардың табысы мен әлеуметтік аударымдары туралы мәліметтер қолдан көбейтіліп, осы деректер негізінде төлемнің жоғары мөлшерде тағайындалуына жағдай жасалған.
ҚМА бұл деректерді әлеуметтік төлемдерді заңсыз тағайындау фактілері ретінде тергеген.
4,4 мыңнан астам адам жалған еңбек қатынастарына тартылған
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 2026 жылғы 12 маусымдағы мәліметі бойынша, мониторинг пен тексеру нәтижесінде еліміздің 12 өңірінде 34 қылмыстық іс қозғалған.
Тексеру барысында жалған еңбек қатынастарын ұйымдастырып, 4,4 мыңнан астам азаматқа заңсыз төлем алуға жағдай жасаған 258 кәсіпкерлік субъектісі анықталған.
Қордың хабарлауынша, тоғыз қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылып, заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Қор әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді нақты уақыт режимінде салыстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осылайша, күмәнді еңбек қатынастары мен әлеуметтік аударымдарға қатысты деректер тексеріледі.
Әлеуметтік желідегі «төлем шығарып береміз» деген ұсыныстарға сенуге бола ма?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік желілерде «төлемді рәсімдеп береміз», «бала күтіміне байланысты төлемді ұзартамыз», «жұмыссыздық бойынша төлем шығарып береміз» деген жарнамалар таралып жатқанын ескерткен.
Қордың түсіндіруінше, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі Әлеуметтік кодекспен реттеледі. Оларды алу үшін әлеуметтік желідегі делдалдардың көмегіне жүгінудің немесе оларға ақша төлеудің қажеті жоқ.
Мұндай ұсыныстардың артында азаматтарды алдау, жеке деректерін иемдену немесе заңсыз төлем рәсімдеу схемалары тұруы мүмкін.
Қор азаматтарға жеке куәлік деректерін, банк шотының реквизиттерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен Қор өкілдері азаматтарға қоңырау шалып, банк деректерін, растау кодтарын немесе ЭЦҚ кілттерін сұрамайтынын еске салады.
Бала күтімі бойынша төлемді ұзартуға бола ма?
Әлеуметтік желілерде бала бір жарым жасқа толғаннан кейін жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға болады деген ақпарат та тараған.
Алайда бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сондықтан ол автоматты түрде жұмыссыз мәртебесіне жатпайды.
Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жұмыссыз ретінде тіркелген және заңда белгіленген талаптарға сай келетін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады.
Егер азамат төлем алу үшін көрінеу жалған мәлімет ұсынса, заңсыз алынған қаражат қайтарылуы мүмкін. Ал қасақана жалған ақпарат беру алаяқтық ретінде бағалануы ықтимал.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған түсіндірмеде айтылған.
Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу схемалары да анықталған
Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік пен босануға байланысты төлемдерден бөлек, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау фактілерін де анықтаған.
Агенттік мәліметінше, мұндай схемалардың бірінде әлеуметтік осал санатқа жатпайтын адамдар көмек алушылар тізіміне енгізілген. Олардың атына төлем рәсімделіп, қаражат жалған алушылардың шоттарына аударылған. Кейін ақша қолма-қол шешіліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
АӘК отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалады. Отбасының табысын есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметтен, мүлікті жалға беруден және басқа да көздерден түсетін кірістер ескеріледі.
Өтініш беруші отбасының материалдық жағдайы туралы көрінеу жалған мәлімет немесе дұрыс емес құжат ұсынса, бұл АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болады. Мұндай талаптар электрондық үкімет порталында көрсетілген.
2026 жылы әлеуметтік төлемді қанша адам алған?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында 1 миллион 64 мың адамға әлеуметтік төлем берілген. Оларға жалпы сомасы 527 миллиард теңгеге жуық қаражат төленген.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі алты түрлі әлеуметтік тәуекел бойынша төлем қарастырады. Олар:
- еңбекке қабілеттілігінен айырылу;
- асыраушысынан айырылу;
- жұмысынан айырылу;
- жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылу;
- жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуға байланысты табысынан айырылу;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу.
Қор азаматтарға әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға кеңес береді. Қажетті мәліметтерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтынан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің порталынан және eGov электрондық үкімет порталынан тексеруге болады.
Күмәнді ұсыныстарға тап болған жағдайда 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
- Желтоқсанда Қазақстанда не қымбаттайды?
- Екі ел арасындағы тауар айналымы 30 млрд долларға жақындады – Путин
- Тоқаев: Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет рейтингінде 16-орынға көтерілді
- Тоқаев: Интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек