Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адан Гебрейюс Кубаға қарсы санкцияларды алып тастауға үндеді. Оның айтуынша, шектеулер елдің денсаулық сақтау жүйесіне кері әсер етіп, адам өміріне, әсіресе балалар мен осал топтардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Гебрейюс Кубаға сапары кезінде отын мен энергия тапшылығы, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды сатып алудағы қиындықтар ауруханалардың жұмысына кедергі келтіретінін мәлімдеді.
ДДҰ басшысының дерегінше, елде 100 мыңға жуық операция кейінге шегерілген, оның 12 мыңы балаларға қатысты. Сонымен қатар 34 мың жүкті әйел қажетті медициналық көмек ала алмай отыр.
Гебрейюс ұйымның Кубаның ұлттық иммундау бағдарламасын қолдауға 2 миллион доллар бөлетінін хабарлады. Сондай-ақ халықаралық серіктестерді елмен техникалық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
Айта кетейік, 28 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясы АҚШ-ты Кубаға қарсы экономикалық, сауда және қаржылық санкцияларды алып тастауға шақыратын қарар қабылдаған.