ДДСҰ жаңа пандемия қаупі туралы ескертті

30 Қаңтар 2021, 14:43
2045
Бөлісу:
ДДСҰ жаңа пандемия қаупі туралы ескертті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Nipah немесе NiV вирусына байланысты жаңа пандемия болуы мүмкін екенін ескертті. Одан болатын өлім-жітім көрсеткіші 40-тан 75 пайызға дейін жетуі мүмкін, деп жазды Газета.ru.

Вирус алғаш рет 1999 жылы Малайзияда Нипах өзені бойында тұратын шошқа фермерлері арасында анықталған. Инфекция ауру шошқалармен байланыс нәтижесінде адамдарға жұққан. Ал шошқалар вирусты құрмадан жұқтырған (вирустың табиғи тасымалдаушылары жарқанаттардың зәрі осы жемістерде қалуы мүмкін). 

2004 жылы індетті жарқанат секрециялары қалған пальма шырынын ішкен Бангладеш тұрғындары да жұқтырды. 

Инфекцияның адамнан адамға жұғу дерегі де тіркелген, ол Үндістандағы ауруханалардың бірінде анықталды, - делінген ДДСҰ сайтында.
Жалпы, әлемде инфекция пайда болғалы бері қауіпті вирустың 12 ошағы тіркелді, ал кейбір жағдайлар жыл сайын Оңтүстік Азияда тіркеледі. Соңғы жаппай инфекция 2008 жылы Бангладеште болды, ол кезде вирус жұқтырғандардың өлім көрсеткіші шамамен, 38 пайызды құрады.

Nipah вирусы коронавирус сияқты түрлі формада жүреді - асимптоматикалық түрден, өлімге жеткізетін энцефалитке дейін. Инкубациялық кезең төрт күннен 45 күнге дейін созылады.

Вирустың алғашқы белгілері тұмауға ұқсайды, адамның қызуы көтеріліп, бас және бұлшықеттердің ауырсынуы байқалады, құсу және кеуде тұсында ауырсыну пайда болады. Кейіннен бас айналу, ұйқышылдық, ал кейбір жағдайларда дәрігерлер пневмония және жедел тыныс алу жетіспеушілігі болуы мүмкін екенін айтады. Ерекше ауыр жағдайларда энцефалит және конвульсия өршіп, оның соңы екі-үш күннен кейін комаға түсіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше, планетаны қорғаудың жалғыз тәсілі жарқанаттардың құрма пальмаларына және олар жұқтыруы мүмкін басқа да тағамдарға қол жетімділігін азайту. Дәрігерлер жаңадан алынған құрма шырынын қайнатуға кеңес береді, ал жемістерді қолданар алдында жуып, қабығын аршу керек. 


Өзгелердің жаңалығы