ДДСҰ: Наурыз айында коронавирустың бетін қайтарамыз

10 Қараша 2020, 22:15
1354
Бөлісу:
ДДСҰ: Наурыз айында коронавирустың бетін қайтарамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір әлемде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 50 млн 700 мыңнан асты. Қайтыс болғандар қатары 1 миллион 260 мыңға жетті. Әсіресе, індет кәрі құрлық пен Құрама штаттарда өрши түскен.

Хабар24 арнасының мәліметінше, Италияда эпидемиологиялық жағдай өте күрделі. Күн өткен сайын елде ауруханаға түскен науқастар саны артып барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде ауруханалардағы науқастардың жартысына жуығы коронавирус жұқтырған азаматтар екен. Індеттен әсіресе, Ломбардия мен Пьемонт өңірлері зардап шегіп отыр. Мұнда науқастардың көптігі сонша, ауруханаларда орын жоқ. Дәрігерлер оларға қосымша орын іздеуге мәжбүр. 

Біз барлық палаталарды қайта жабдықтадық. Өте тез әрекет етуге тура келді. Кейбір науқасты басқа бөлімшелерге ауыстырдық. Жаңадан келіп түскен науқастарға орын беру үшін кейбірі тіпті ауруханадан шығарылды, - деді инфекциялық бөлімнің басшысы Массимо Пуоти.

Швецияда да жағдай мәз емес. Мұнда небәрі бір аптада коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскендердің қатары 60 процентке артып кеткен. Мамандар қазіргі жағдай өте ауыр деп отыр. Өйткені көмекке мұқтаж науқастардың саны өте жылдам қарқынмен өсіп жатса керек. 

Черногория билігі вирустың таралуын тоқтату үшін бірқатар шектеу енгізді. Атап айтсақ, елдің екі қаласында комендантттық сағат жарияланды. Оған сай, кешкі сағат оннан таңғы 5-ке дейін сыртқа шығуға болмайды. Жаңа тәртіпке байланысты дәмханалар қызметін тоқтатып, оқушылар қашықтан оқу режиміне көшті. 

Калифорния билігі де аймақтағы коронавирус жұқтыру деректерінің өсуіне алаңдап отыр. Себебі соңғы тәулікте бұл штатта 7 мыңнан астам адамнан қауіпті инфекция анықталған. Қалай болғанда да бүгінде Калифорния АҚШ бойынша вирус жұқтыру деректері ең төмен штаттардың бірі саналады. Бірақ жергілікті билік күн суыта коронавирус қайта өрши ме деп алаңдайды. 

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келер жылдың наурызында індеттің бетін қайтарамыз деп сенімді. Өйткені осы уақытта әлемде вирусқа қарсы вакцина дайын болады-мыс.

Өзгелердің жаңалығы