Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2026 жылдың басынан бері медицина мекемелері мен қызметкерлеріне жасалған 914 шабуылды тіркеді. Оның салдарынан кемінде 911 адам қаза тауып, 1 486 адам жараланған. Бұл күніне орта есеппен төрттен астам шабуыл жасалғанын көрсетеді.
Женевадағы брифингте ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар мен гуманитарлық операцияларды басқару жөніндегі директоры Алтаф Мусани 2018 жылдан бері денсаулық сақтау нысандарына жасалған 10 400-ден астам шабуыл құжатталғанын айтты. Олардың салдарынан шамамен 5 700 адам қаза тауып, тағы 8 500 адам жараланған.
2026 жылы медициналық жүйе шабуылдардан ең көп Украина, Ливан және Палестинаның оккупацияланған аумағында зардап шеккен. Сонымен қатар Мьянма, Иран, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан, Ресей, Сирия және Нигерияда да денсаулық сақтау нысандарына шабуылдар тіркелген. Биыл шабуылдардың ең кең тараған түрі ауыр қару-жарақпен жасалған соққылар болды.
Салдары ауқымды
Мусани шабуылдардың зардабы тікелей физикалық шығынмен ғана шектелмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, ауруханаға шабуыл жасалған кезде оның зардабын тек ғимарат ішіндегі адамдар ғана тартпайды. Шабуылдан кейінгі күндері науқастар қажетті медициналық қызметтерді ала алмайды, медицина қызметкерлері жұмысынан айырылады, ал өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің жеткізілімі тоқтайды.
ДДСҰ өкілі мұндай шабуылдардың салдары ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін көрсететін деректердің көбейіп келе жатқанын айтты. Мәселен, Сирияның солтүстік-батысында жүргізілген зерттеу шабуылдардан кейінгі күні амбулаториялық қабылдаулар саны 51 пайызға азайғанын, ал бұл жағдай 37 күнге дейін сақталғанын көрсетті.
Қақтығыстардың жойқын салдары
Суданда 2026 жылға қарай қолда бар мәлімет бойынша медициналық мекемелердің 37 пайызы жұмыс істемеген.
Мусани Таяу Шығыстағы қақтығыс барысында, соның ішінде Ливан, Израиль және Иранда денсаулық сақтау нысандарына жасалған шабуылдар тіркеліп жатқанын айтты.
Газадағы 36 аурухананың барлығы зақымданған, олардың тек жартысы ғана ішінара жұмыс істеп тұр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесі де айтарлықтай зардап шеккен.
Конго Демократиялық Республикасында Бундибуджио вирусынан туындаған Эбола індетінің қазіргі өршуі кезінде 2026 жылдың мамырынан бері денсаулық сақтау нысандарына жасалған 12 шабуыл расталған. Бұл шабуылдар аурудың жаңа жағдайларын анықтауға және індетті тежеуге кедергі келтіруде.
Зақымданған әрбір медициналық мекеме – көрсетілетін қызметтердің жоғалуы, ал тоқтатылған әрбір қызмет – медициналық көмексіз қалуы мүмкін адамның тағдыры, – деп атап өтті Мусани.
Кінәлілерді жауапкершілікке тарту
Журналистердің кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы сұрағына жауап берген ДДСҰ өкілі ұйымның бұған қажетті мандаты мен өкілеттігі жоқ екенін айтты.
Мусанидің мәліметінше, расталған 10 мыңнан астам шабуылдың бірде-біреуі әзірге кінәлілерді жауапкершілікке тарту рәсіміне себеп болмаған.
ДДСҰ бас директоры қақтығыс тараптарын мұндай заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуға бірнеше рет шақырған.