Дауыс берудің аяқталуына аз қалды

5 Маусым 2022, 20:54
1198
Бөлісу:
Дауыс берудің аяқталуына аз қалды

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында дауыс берудің аяқталуына аз уақыт қалды. 

Сәлден соң  референдум учаскелері жұмысын аяқтап, аумақтық референдум комиссиясының мүшелері дауыс санауға кіріседі.

Ақтөбе қаласындағы №552 учаскесінде 2 208 адам тіркелген. Осы уақыт ішінде тұрғындардың 90 пайызы өз дауысын берген.

Таңертең мұнда жастар көп келді. Түстен кейін үлкендер жағы ағылды.  Учаскеге тіркелген азаматтардың 90 пайызы дауыс беріп, референдумға өз үлестерін қосты.  Әлі де бірлі-жарым келіп жатқандар бар. Жалпы халықтың белсенділігі жақсы. Ешқандай құқық бұзу болған жоқ. Байқаушылар тапжылмастан таңнан бері әр қимылымызды қарап, бақылап отыр. Ақтөбе уақытымен 20.00-де дауыс беру аяқталған бойда біз барлық жиналған дауысты санайтын боламыз. Сосын орталық референдум жөніндегі комиссияға есеп береміз, — дейді №552 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Лаура Досхожа.

Ал Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы №6 орта мектепте орналасқан №484 референдум учаскесіне бекітілген «Қоғамдық пікір»  зерттеу институтының сұхбатшысы Балжан Дәулетиярованың айтуынша, дауыс беруге келген тұрғындар пікірі тек түнгі сағат 00.00-ден ғана жарияланады. 

 Жалпы тұрғындардың белсенділігі жоғары. Мұны дауыс беруге келген адамдардың санынан білуге болады. Қазір біз өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Нәтижелер тек сағат түнгі 00.00-ден ғана белгілі болады. Әзірге ештеңе айта алмаймыз, — дейді ол.

Ақтөбе облыстық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің мәліметі бойынша, Ақтөбе облысы бойынша дауыс беруге тіркелгендердің саны 559119. Оның ішінде 58,6 пайызы, яғни 324924 адам дауыс берген. 

Айта кету керек, бүгін Ақтөбе облысында 517 референдум учаскесінде халық жаңа өзгерістер үшін дауыс беріп, өз таңдауларын жасап жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы