Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайға байланысты халыққа жолдаған үндеуі туралы пікір білдірді.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Бірнеше күн болды ұйқымыз бұзылып, елеңдеулі, алаңдаулы күй кешіп отырмыз. Біз де бір-ақ отан – Тәуелсіз Қазақстан ғана бар. Маңғыстауда басталған бейбіт митингтің аяғын теріс пиғылды адамдар, лаңкестер мүлдем басқа бағытқа бұрып жіберді. О баста біздің демократиялық ел екенімізді дәлелдеп, билік те, митингке шыққан халық та өздерін жақсы ұстаған еді. Кейінгі Алматыдағы, Тараздағы, Қызылордадағы, жан-жақтағы дүниелер мүлдем басқа сипат алып кетті. Біздің халық биліктің алдына бүгінгі күнкөріс жағдайына байланысты, қымбатшылыққа байланысты өз талаптарын қойған еді. Билік еститін мемлекет ретінде оған құлақ асып, шұғыл комиссия құрды. Шешім қабылдап жатқан кезде екінші жақтан мүлдем басқаша сипатқа араластырып жіберді. Жалпы тыныштықты ұрлау деген жақсы нәрсе емес қой, - дейді ақын.
Қоғам қайраткері кейінгі күндері болған жан түршіктіретін оқиғалар іске теріс пиғылдағы адамдардың араласқанын көрсеткенін айтады.
Кешеден бері интернет болмағандықтан тек теледидардан, радиодан ақпарат алып отырмыз. Билік өкілдерінің айтып жатқан радикалды топтардың араласуы деген дүниелерге көз жеткізуге болады. Өйткені бейбіт халықтың шеруін пайдаланып кеткен топтардың іс-әрекеттерін көріп отырмыз. Шынайы зиялы қауым өкілдері – елдің тыныштығын қалайтын, тәуелсіздік тұғырының нық болуына қолдарынан келгенше рухани жәрдем беріп отырған, медеу болып отырған адамдар. Мен өз тарапымнан айтайын. Алдыңғы күннен бері ел Президентінің қабылдап жатқан шешімдеріне өзіміз шынымен де ішкі ризашылығымызды білдіріп отырмыз. Әлі уақыт өткеннен кейін де бұл батыл қадамдарға шынайы бағасын береміз деп айта аламын, - деді ақын.
Сондай-ақ, ол қазақ халқының басынан талай қиын сынақтар өткенін еске алды.
Албаты сындар жөн-жосықсыз пікірлер, қиғаш сөздер, былапыт дүниелер, елдің арасына, билік пен халықтың арасына іріткі салатын ұрандар неге әкелетінін көрдік. Президентіміз айтқандай, сөз бостандығы деген ақыры еркіндік берілді екен деп ауызға келген сөздің бәрін «құса беру» емес. Айтатын сөз бар, айтпайтын сөз бар. Соның бәрін талдап, таразылап, ой елегінен өткізіп барып айту керек. Әлеуметтік желідегі басқа пиғылды сөздердің бәріне тыйым қоятын бір заң керек сияқты. Президенттің бүгінгі айтқан сөздеріне түгелімен қосыламын. Сөздің артында пиғыл тұрады, пиғыл-ниет дұрыс болмаса, іс насырға шабады. Сондықтан, ең бірінші сөзімізді дұрыстауымыз керек. Бұл мемлекетті біз ешкімге бермейміз. Билік те біреуге беріп қоюға жол бермейді, - деді Жазушылар одағының хатшысы.