Дәулет Тұрлыханов жерасты суларын пайдалануға қатысты мәселені көтерді

Бөлісу:
Дәулет Тұрлыханов жерасты суларын пайдалануға қатысты мәселені көтерді
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында жерасты суын пайдалану мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауларында су шаруашылығы саласындағы мәселелерді жүйелі шешуді салаға жауапты органдарға ұдайы тапсырып келеді.

Экологиялық және экономикалық факторларды ескере отырып, жерасты суларын тиімді пайдалану үшін зерттеулердің жаңа әдістерін әзірлеуге және енгізуге ерекше назар аудару қажет. Атырау, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары сияқты көптеген өңір үшін жерасты сулары сумен жабдықтаудың жалғыз сенімді көзі. Бұл міндеттерді іске асыруда Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің рөлі қандай және жерасты суларын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр? Жерасты суларын қорғау және ұтымды пайдалану үшін қандай заңнамалық шаралар қарастырылды немесе жоспарланып жатыр? – деді депутат.

Сонымен қатар депутаттың пікірінше, қазір бізге соңғы жағдайға байланысты жаңа тарифтік саясат қажет. Суды нормативтен тыс тұтыну жоғары тарифке тең болады.

Осыған байланысты, Президенттің суды нормативтен тыс тұтынғаны үшін жоғары тарифтер енгізу және су саласындағы тарифтік саясатты жетілдіру туралы тапсырмасын орындау бойынша Үкімет қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Бұл өзгерістер тарифтердің өсуіне алып келмей ме? Бәрімізге белгілі, негізгі су пайдаланушы ауыл шаруашылығы, оның үлесіне жалпы су тартудың 60%-дан астамы тиесілі. Осы мәселе бүгінде қалай шешілуде және ауылшаруашылық секторы қандай түбегейлі өзгерістер күтеді? – деп сұрақ жолдады Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Айта кетейік, Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық су ресурстарын басқару институтының деректері бойынша, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін төмендейтіні болжанып, 2040 жылға қарай тапшылық 50 пайыз мөлшерінде күтіліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы