ШҚО-да жаңадан 52 дәрігерлік учаске ашылды

14 Наурыз 2019, 10:39
2081
Бөлісу:
ШҚО-да жаңадан 52 дәрігерлік учаске ашылды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда облысында дәрігерлердің сапалы медициналық қызмет көрсетуі бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бірінші кезекте учаскелік дәрігерлерге тіркелген тұрғындар санын азайтып, қосымша учаскелер ашумен байланысты болуда.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен біздің алдымызға дәрігерлік учаскелерді кішірейту жөнінде талап қойылған болатын. Егер 2015 жылы бір учаскелік дәрігерге орташа есеппен 2200 адам тіркелген болса, соңғы жылдары осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2019 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткішті 1742 адамға азайтуға қол жеткіздік. Ал қазір, яғни 1 наурыздағы жағдайға сүйенсек ол 1703 адамға төмендеді. Осылайша біз учаскелік дәрігерге түсетін жүкті 30 пайызға азайттық. Ол енді үнемделген уақытын профилактикаға, скринингке және басқа да қажетті алғашқы медициналық көмек түрлеріне арнай алатын болады», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Мұның бірінші кезекте халықты алғашқы медициналық көмекпен қамту сапасын жақсартуға бағытталған шара екенін айтқан басқарма басшысы 2020 жылға қарай бір учаскелік дәрігерге тіркелген тұрғындар санын 1500 адамға дейін азайту міндеті тұрғанын алға тартты.

«Бір учаскелік дәрігерге 1500 адамның тіркелуі экономикалық және даму ұйымына мүше елдердің ортақ стандарты. Біз осы жұмыстарды біржақты ету мақсатында өткен жылы 52 қосымша дәрігерлік учаске ашып, оларға осынша жас маманды тарттық. Осылайша медициналық білімі бар жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін де қоса шештік», - деп қосты Марат Едігеұлы.

Өзгелердің жаңалығы