Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі – Тоқаев

25 Қараша 2020, 12:11
1890
Бөлісу:
Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі – Тоқаев
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты. 

Салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын шағын және орта қалаларда ғана емес, барлық ауылда да ашу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен оқытушылардың жалақысын көтерген жөн. Әрбір ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілсін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының ХХ съезінде. 

Президент жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа жұмсалатын шығыстар ұлғайтылатынын айтты. 

Бұл адами капиталға, еліміздің болашағына құйылатын стратегиялық инвестициялар. Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5%-ын құрайды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, болуы ықтимал жаңа індеттерге дайын болу керек. 

Цифрландыруды, телемедицинаны, биологиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын қамтитын бірыңғай ұлттық жүйені құру аяқталады. Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Өңірлік медицинаны дамыту үшін еліміздің барлық облысында біз 20 заманауи медициналық орталық саламыз. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық емдеу мекемелерін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі. Басты мақсат - қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру, - деп түйіндеді Президент.
Өзгелердің жаңалығы