Дәрігер: Вакцинадан кейін симптомдар болса, онда қуану керек

23 Сәуір 2021, 11:51
3762
Бөлісу:
Дәрігер: Вакцинадан кейін симптомдар болса, онда қуану керек
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Бастапқыда қатер-қатер тобына жататын медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкерлері алды. Енді 1 сәуірден бастап қарапайым халықты вакцинациялау жүргізіліп жатыр.

Статистика бойынша бүгінгі күнге дейін вакцинаның бірінші компонентін 823 498 адам алса, екінші компонентін 132 603 адам алды. 

Вакцинациялау пунктері медициналық мекемелерден бөлек, сауда орталықтарында да ашылып, екпе жүргізу қарқынды жүргізіліп келеді. Осы ретте кеше №9 қалалық емханасының жылжымалы бригадасы Абу Даби Плазада вакцинациялауды бастап кетті. Емхананың жұқпалы аурулар дәрігері Арайлым Қаныбекқызы вакцинациялаудың қарқыны туралы ойын айтты.

Дәрігердің сөзінше, 1 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін емханада 6 000-ға жуық адам вакцина алып үлгерді.
Бастапқы кезде вакцинаға адамдардың арасында үрей болды. Ал қазіргі күні ол жоқ. Дегенмен ақпан айында тек дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер сияқты нақты контигенттегі азаматтарға вакцина салынды. Сол кезде де қарапайым халық хабарласып, вакцинацияны қашан жасайтындарын сұрап жүрді. Сөйтіп 1 сәуірде ерікті түрде вакцина алуға келген қарапайым халық саны көбейе түсті, - дейді ол.

Маман айтқандай, вакцина салдыруда студенттер үлгі көрсете білді. Олар өздерінің жақын ата-әжелеріне вирус жұқтырып алмас үшін алдыңғылардың бірі болып вакцина алуға келді.

Әркімнің иммунитеті әртүрлі. Бірақ ортақ статистика бойынша вакцина алған адамда 1-2 жыл бойы иммунитет қалыптасады деген болжам бар. Осы жылы вакцинаның екі компонентін алу жеткілікті. Кейін болашақта тұмауға қарсы вакцина сияқты КВИ-ге қарсы вакцина да қалуы мүмкін, - дейді дәрігер вакцина туралы.

Арайлым Қаныбекқызы айтқандай, вакцинаның қаншалықты маңызды екенін қарапайым халық әлі де түсінбей жатыр. 

Әлеуметтік желілерде адамдарды шатастыратын көптеген видео, жазба бар. Оның бәрі дұрыс емес. Біз Израильден үлгі алуымыз керек. Ол елдің халқы 100% вакцина алып, маскасыз жүр. Ал біздің елде вакцина алғысы келетіндер әлі көп емес, - деп айтты ол.

Вакцина алған адамға паспорт қашан беріледі?

Пациент ең алдымен бірінші, кейін екінші кезеңді алады. Кейін базаға енгізілген мәліметтер бойынша паспорт беріледі. Паспортты азаматтар eGov-тегі өзінің жеке кабинетіне ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) арқылы кіріп немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы көшіріп ала алады, - дейді маман.

Дәрігердің өзі наурыздың басында вакцина алған. Алғашқы күні әлсіздік, маужырау, бел ауруы сияқты белгілері болып, келесі күні өзін қайта жақсы сезінген.

Бұл симптомдардың болғанына қуануымыз керек. Егер организм реакция беріп жатса, онда ол ақуызды танып, оған қарсы антидене құрып жатыр деген сөзді білдіреді. Егер организмде жалпы симптомдар, яғни температура көтеріліп, бас ауырып, буын, бұлшықет ауырсынуы болса, парацетамол немесе ибупрофен ішу керек. Ал егер жергілікті симптом болса, яғни инъекция салынған орын қызарып, ісінсе, онда супрастин немесе аллергопресс ішеді. Бұл симптомдар 1 күн мен 3 күннің аралығында болады. Кейбірінде болмауы да мүмкін, - деп пікірін білдірді Арайлым.

Сонымен қатар дәрігер коронавирус қашан тоқтауы мүмкін екеніне болжам жасады.

Егер халық толығымен вакцина алса, онда жағдай жақсаруы мүмкін. Сол себепті қыркүйекке дейін барлық халықты вакцинамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Егер вакцинациялау үрдісі жақсы қарқынмен жалғасса, онда қысқа дейін жағдай тұрақталып қалуы мүмкін. Қазақстан халқының 70-80%-ы вакцинацияланған болса, бұрынғы қалыпқа ораламыз, - деп түсіндірді жұқпалы аурулар дәрігері Арайлым Қаныбекқызы.

Сөз соңында маман қарапайым халықты вакцинадан бас тартпауға және интернеттегі алып-қашпа әңгімелерге сенбей, алдымен вакцинаның не екенімен танысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы