Дәрігер: Вакцинация жасамаса, бұл қауіпті жұқпа 5 жылдан артық өмір сүреді

10 Ақпан 2021, 09:42
3000
Бөлісу:
Дәрігер: Вакцинация жасамаса, бұл қауіпті жұқпа 5 жылдан артық өмір сүреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап вакцинациялау басталды. Ең алдымен Ресейде өндірілген «Sputnik V» вакцинасын COVID-19-бен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері салдырып жатыр.

Осы орайда вакцина салдырған Түркістан облысы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлдария Шардарбекова вакцинациялау туралы пікірімен бөлісті.

Бас дәрігердің сөзінше, вакцина қауіпті індетті ертерек тізгіндеуге көмектеседі.

Әлемдік сарапшылардың айтуынша, иммунизациясыз бұл қауіпті жұқпа 5 жылдан артық өмір сүреді. Енді бір жылдың ішінде әлемде, оның ішінде өзіміздің елдегі эпидемиялық жағдайды есептей беріңіз. Жылдан жылға мутацияға ұшырауы тағы бар. Әрине, біз, медицина қызметкерлері мұны жақсы түсінеміз, - дейді ол.

Вакцинадан кейінгі иммунитетке келетін болсақ, иммунологтар вакцинаны алған адам 2 жылға дейін вирустан қорғана алады деген болжам айтуда.

Бұл дегеніміз вирус жұққан жағдайда да жеңіл түрімен не болмаса, симптомсыз түрімен өтуі мүмкін. Ең бастысы - қауіпті жұқпадан өлім-жітімді болдырмау. Статистика бойынша өлім-жітім 1,5-2,5 пайыз көрсеткішті береді. Әлемде қазірдің өзінде өлім-жітім көрсеткішін бұдан да жоғары көрсетіп отырған қаншама дерт бар?! Сондықтан бұл жұқпадан қорғану әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінде, - деп атап өтті дәрігер.

Сонымен қатар ол коронавирустың кімдерге қауіпті екенін атап өтті.

Бұл жұқпаның жоғары контагиоздылығы, яғни жұғу процесінің жоғарылығы әсіресе 50 жастан асқан азаматтарға, одан бөлек созылмалы аурулары бар науқастарға қауіп төндіреді. Сондықтан жерлестерімді вакцина салдыруға шақырар едім. Егу жұмысы ерікті түрде жүргізіледі, мәжбүрлеу болмайды. Мен басшы ретінде қарамағымдағы медицина қызметкерлерін мәжбүрлеуден аулақпын. Бірақ әрбір медицина қызметкері өздерінің жұғу қаупі жоғары аймақта жұмыс істеп жатқандарын біледі. Сондықтан олар бұл қауіпті жұқпадан қорғанудың бірден-бір тәсілі осы вакцинация екенін түсінеді. Себебі күнделікті жұмыс барысында түрлі науқастарды қабылдаймыз, оның ішінде COVID-19 жұқтырғандармен де жұмыс істейміз, - деп айтты дәрігер.

Бас дәрігер Гүлдария Шардарбекова вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырғанын жеткізді.

Әрине ауданда бірінші болып вакцинаны өзім салдырдым. 3 ақпан күні ресейде өндірілген «Sputnik V» вакцинасын алдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Әрине вакцинаға әр адамның организмі әр түрлі жауап береді. Мысалы екпе салдырғаннан кейін дене қызуы көтерілуі, дене қақсауы, болмаса бас ауруы сияқты жанама әсері болуы мүмкін. Бірақ бүгінгі күнге 20 қызметкер салдырды, ешқандай шағым болған жоқ, - деп түсіндірді ол сұхбатында.

Дәрігерлер айтуынша, егу жұмыстары 2 компоненттен, 3 кезеңнен тұрады.

1-кезеңде медицина қызметкелері салдырады. Қазір бұл жұмыс жүріп жатыр. 2-компонент үш аптадан кейін салынады. Екінші кезеңде педагогтар, ішкі істер қызметкерлері мен төтенше жағдай қызметкерлері салдыратын болады. Осылайша егу жұмыстары жалғаса береді, - дейді ол.

Гүлдария Шардарбекова кезектері келген уақытта жанұясы мен туған-туыстары да вакцинаны салдыратындарын айтты.

Өзімнің жанұям, ағайындарым өз кезегі келген уақытта міндетті түрде салдырады. Бәрі уақыт меншігінде. Өзім шілде айында ауыр формасымен жансақтау бөлімінде жаттым. Ауруды өз басынан кешірген адам ғана енді қайтіп бұл жағдайды басынан өткізгісі келмейтінін жақсы білемін, - деп жеткізді ол.

Сонымен қатар сұхбат барысында дәрігер Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында вакцинациялау қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Медициналық мекемемізде егу жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр. Егуге дейін пациенттің денсаулығын тексеру бөлмесі, 2 компонент салуға арнайы екі егу бөлмесі жабдықталған. Вакцинадан кейін екпе алған адам 30 минут дәрігер бақылауында болуы керек. Ол үшін арнайы бөлме дайындалған. Үш тәуліктен кейін вакцина алған азамат тағы дәрігер қарауынан өтеді. Осы жұмыстың бәрі толық ұйымдастырылған. Бүгінгі күнге Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының 20 медицина қызметкері екпе алды. Жағдайлары қанағаттанарлық, ешқандай шағымдары жоқ, - деп түсіндірді бас дәрігер.

Айта кетейік, Гүлдария Шардарбекова 1990 жылы Целиноград қаласындағы (Нұр-Сұлтан қаласы) медициналық институтты тәмамдаған. 

Кейін Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында терапевт дәрігері болып жұмысын бастаған. 

Аталған мекемедегі еңбек жолына – биыл 31 жыл. 

Қазір осы мекеменің бас дәрігері.

 


Өзгелердің жаңалығы