Дәрігер түрмеге отырмауы керек – сарапшы

23 Мамыр 2024, 16:31
2129
Бөлісу:
Дәрігер түрмеге отырмауы керек – сарапшы
Фото: midjourney

Дәрігерлердің құқығын қорғайтын арнайы бап болу керек. Бұл пікірді бас дәрігер, денсаулық сақтау саласының сарапшысы Қанат Дүйсенбаев айтты. Ол мамандардың жиі қиындыққа ұшырайтынын, алайда көбіне бұғып қалатынын сөз етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасыратыны жоқ, дәрігерлерге халық тарапынан түсетін шағымдар жетерлік. Көбіне шағым мамандардың жеке басына емес, емханаларға түседі. Шағымдардың негізгі түрлеріне қарайтын болсақ, біріншіден кейбір дәрігелер қабылдау кезінде дөрекі сөйлейді. Ондай мамандар да кездеседі. Екіншіден, дәрігерлердің біліктілігінің төмендігі, медициналық көмектің қолжетімсіздігі сияқты бірнеше себептер бар. Бұл шағымдар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өте көп. Мәселен, біз жүйелі түрде дәрігерлердің біліктілігін көтеру мақсатында оқуға жіберіп отырамыз. Өйткені жалпы дәрігер маманы үздіксіз оқуды қажет етеді. Күн сайын, апта сайын аурудың жаңа емдеу тәсілдері, жаңа дәрілер шығып отырады. Сондықтан, дәрігер - өмір бойы өзінің біліктілігін көтеріп, жаңаны үйреніп отыратын адам,- деді сарапшы.

Қанат Дүйсенбаевтың пікірінше, дәрігерлер жасаған қылмыстары үшін түрмеде отырмауы тиіс.

Мамандардың мәртебесі жөнінде айтатын болсақ, алдымен бірнеше мәселені шешіп алуымыз керек. Мысалы, қылмыстық кодекстің 317 бабын декриминализациялау қажет. Бап бойынша бүгінгі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның аясында 317-ші қылмыстық кодексінің бабында түрмеде отыру мерзімі және төленетін айыппұл сомасы азайған болатын. Бірақ меніңше, дәрігерлер түрмеде отырмауы керек. Өйткені, дәрігер медициналық көмек көрсеткен кезінде ол науқасқа жамандық келтіремін демейді ғой. Дәрігер шын көңілмен “науқасқа көмектесемін” деген оймен неше түрлі ота жасайды. Егер бұл бап бойынша декриминализация болатын болса, онда әрине дәрігерлерге заң жағынан көмегі тиер еді, - деді бас дәрігер.

Сонымен қатар Дүйсенбаев дәрігер кейде науқастың туыстары тарапынан жәбір көретінін айтады.

Бұл - жедел жәрдем қызметкерлері арасында немесе қабылдау бөлмесінде жұмыс істейтін мамандарда жиі кездеседі. Бұл жағдайды болдырмау үшін, қылмыстық кодекстің 380-ші бабына толықтыру енгізу қажет деп ойлаймын. Бұл бап бойынша дәрігердің денсаулығына қауіп төнсе немесе оған жәбір көрсетілетін болса, қылмыстық жаза қарастыру керек деп білемін. Бұл да өз кезегінде дәрігердің статусының көтерілуіне көмегін тигізеді, - деді сарапшы.

Қымбат Спабек

Өзгелердің жаңалығы