Соңғы жылдары инсульт аурулары жиі орын алуда. Аурудың себептері мен белгілері қандай? Оның алдын алуға бола ма? Инсульттен кейінгі қалпына келу жолдары бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының нейрохирург дәрігері Әбубәкір Зұлпықаров BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Инсульт дегеніміз қандай ауру?
- Инсульт – бұл ми қантамырларының кенеттен бітелуінің немесе жарылуының салдарынан дамитын ауыр аурудың түрі. Инсульт ишемиялық және геморрагиялық болып екіге бөлінеді. Ишемиялық инсульт ми қантамырларынің кенеттен бітеліп, мидың тініне оттегі бармаудың салдарынан туады. Ал ми қантамырларының кенеттен жарылуы ми тініне көп көлемде қан құйылуына, яғни геморрагиялық инсультке әкеледі. Уақытында алғашқы көмек көрсетілмесе, ауыр мүгедектікке немесе қайғылы жағдайлармен аяқталуы мүмкін.
- Инсульттің алғашқы белгілері қандай?
- Инсульттің алғашқы белгілерін әрбір адам білуге тиіс. Себебі үй, көше және кез келген басқа да жағдайларда инсультке шалдыққан адамға ерте диагностика жасап, уақыт создырмай ауруханаға жеткізуі керек. Науқасқа инсульт алған уақыттан 6 сағат ішінде көмек көрсетілсе, ми тінінің ауыр зақымдалуын алдын алуға болады. Бүгінде бүкіл әлемде қолданылатын «FAST» деп аталатын тест бар, яғни ағылшын тілінен аударғанда «бет, қол, тіл» деген мағынаны білдіреді.
Инсульт алған адамның бірінші беті қисаяды, тісін көрсете алмайды немесе қолын көтергенде әлсіздік болуы мүмкін, сондай-ақ сөйлеудің бұзылыстары көрініс табады. Сол себепті науқастан күлуін, екі қолын көтеруін және сұрақ қойып сөйлеуін сұрап, бақылау қажет. Егер науқаста осы ақауларды байқаса, шұғыл жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілуі керек. Ауруханада дәрігерлер науқасты бірден тексеріп, шұғыл операцияға немесе интенсивті терапия бөлімінде тиісті командалық көмек көрсетіледі.
- Ауруханада инсульттен құтқару операциялары қалай жасалады?
- Нейрохирургия бөлімшесінде инсультке шалдыққан жағдайлармен қатар, инсульттің алдын алу операциялары көптеп жасалады. Мәселен, ішкі ұйқы, омыртқа артерияларының стенозы (тарылуы) кезінде ол жерге стент қою арқылы ишемиялық инсульттің алдын аламыз. Геморрагиялық инсульттің ең жиі себебі – аневризма, яғни ми қантамыры қабырғасының әлсіздігі салдарынан шар тәрізді кеңеюі. Қан қысымының жоғарылауы аневризманың жарылуына, ми тініне көп мөлшерде қан құйылуға әкеледі.
Біздің бөлімшеде медициналық сақтандыру бойынша жылына шамамен 150-ге жуық науқасқа аневризма бойынша операция жасаймыз. Ал инсультпен түскен науқастарға шұғыл көмек көрсетіледі. Нейрохирург, невролог, радиолог дәрігерлері шақырылып, науқастың ми қантамырлары компьютерлік томографиялық ангиографияға түсіріледі, тамырдың бітелгені анықталса (тромб) немесе қан құйылу болса, жедел операциялық ем көрсетіледі.
Операция кіші инвазивті тәсілмен жасалады, яғни сан артериясы арқылы ми қантамырларына кіріп, бітелген тамырдан тромб алынады. Егер бұл әдіс нәтижелі болмаса, мидың зақымдалған аймағына жанама түрде басқа артерияны тігуіміз қажет болады.
- Инсульттен кейінгі науқастың өмір сүру сапасы қандай болады?
- Инсульттің зақымдалған аумағына және аталған 6 сағаттың ішінде операция жасалып үлгеруіне байланысты науқастың өмір сапасы бұрынғыша болуы ықтимал. Сондай-ақ инсульттен кейінгі оңалту шараларының нәтижесі науқастың өмір сүру құлшынысына да байланысты. Инсульттің деңгейіне қарай жарты жылдан бастап, бірнеше жылға созылатын оңалту және қалпына келтіру емінде науқасқа бастысы сабырлылық керек, күш-жігерін аямай, толықтай қалыпқа келуге сенім мен құлшыныс маңызды рөл атқарады.
- Инсульттің себептері қандай және алдын алуда қандай кеңес бересіз?
- Инсульт көбінде егде жастағы адамдарда болатын, қазір өзге аурулар сияқты жасарып барады. Басты себебі ми қантамырларының бітелуі болса, ал оның бітелуіне әкелетін себептер негізінде қолдан жасалады, мәселен: дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер, қимыл-қозғалыстың аздығы.
Сондай-ақ қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек ауруы, күйзелістер де инсультке себепші болады. Сол себепті инсульттің алдын алуда ішіп-жеген тамағымызға мән беріп, майлы, ұнды, қантты тағамдардан, газдалған сусындардан, темекі-ішімдік өнімдерінен бас тарту қажет. Не себепті? Өйткені бұл тағамдар қан құрамын өзгертеді де, қантамырлардың қабырғасына майлы қабықшалардың (атеросклероз) пайда болуына әкеледі. Соның нәтижесінде қантамырлар бірте-бірте жабыла бастап, толықтай жабылған кезде үлкен асқынуларға алып келеді.
Семіздік, артық салмақ денсаулықтың басты жауы. Кемінде аптасына үш рет спортпен шұғылдануды, таңертеңгілік және кешкі серуендерді әдетке айналдырған жөн. Жылына бір рет невролог, кардиолог дәрігерлеріне қаралып, мойын және жүрек қантамырларына ультрадыбыстық зерттеулер жасатып тұруға кеңес беремін.
- Әңгімеңізге рахмет!