Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Словакияның сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчакпен кездесті, деп мәлімдеді Сенатының Баспасөз қызметі.
Дариға Назарбаева Словакияны ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің басталуымен құттықтап, Қазақстан күрделі халықаралық жағдайда жүзеге асып жатқан словак миссиясының басымдықтарын қолдайтынын атап өтті.
«Сіздердің төрағалық етулеріңіздегі қақтығыстардың алдын алу, превентивті дипломатия, мультилатерализм басымдықтары Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап ұстанатын сыртқы саяси бағыттарымен дәлме-дәл үндесіп отыр», - деді Сенат төрағасы.
Әңгіме барысында ЕҚЫҰ-ның бітімгерлік әлеуетін нығайтуға баса назар аударылды. М.Лайчак Ұйымның қарулы қақтығыстар аймақтарындағы шиеленісті азайту және келіссөз үдерістерін дамытуға арнаған күш-жігері туралы айтты. Д. Назарбаева Ауғанстандағы ахуалдың өрістеуіне байланысты алаңдаушылық білдірді және ЕҚЫҰ-ға осы өңірді назардан тыс қалдырмауға шақырды.
М. Лайчак Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалады.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі мемлекет, бұл ел ЕҚЫҰ-ның басымдықтарын жақсы біледі. Ұйымның осы жүзжылдықта жалғыз саммиті дәл осы жерде өтті. Саммитте қабылданған Астана декларациясы қазіргі уақытқа дейін маңызын жойған жоқ», - деді ЕҚЫҰ төрағасы.
Ол сондай-ақ Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Қазақстан астанасындағы келіссөздердің маңызды рөлін атап өтті. «Астана келіссөздері сириялық реттеулерге зор үлес қосты, ал Женева процестері тығырыққа тірелген болатын», - деді М. Лайчак.
Сенат төрағасы өз кезегінде Астана декларациясына қатысушылардың біртұтас әрі ортақ Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыру жөніндегі өздеріне алған міндеттемелерін іске асыру мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыру қажет деген пікірін білдірді. Оның пікірінше, Астана декларациясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау туралы бұрын қол жеткен уағдаластықты іске асыру қажет.
Жүздесушілер ЕҚЫҰ парламенттік өлшемдерін нығайтудың келешегін талқылады. Д.Назарбаеваның айтуынша, қазақстандық делегация әрдайым белсенділік танытып отырған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы оның қатысушылары арасындағы үнқатысуды нығайтуға және сенімді қалпына келтіруге арналған маңызды алаң болып табылады.
Сенат төрағасы сондай-ақ өткен жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылы 1975 жылғы Хельсинкий Қорытынды актісінің 45 жылдығына арналған Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференциясын өткізу, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылау үшін ЕҚЫҰ, АӨСШК және АСЕАН Өңірлік форумы хатшылықтарының бірлескен кездесуін ұйымдастыру туралы бастамаларына тоқталды. Д.Назарбаеваның пікірінше, Словак төрағалығының басымдықтарына сәйкес келетін осы бастамаларды іске асыру ЕҚЫҰ-ны жаңа деңгейге шығаруы ықтимал.