Дәрі-дәрмекті нарыққа шығару жеделдейді: Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды

Қазақстанда дәрілерді нарыққа шығаруға қажетті бірнеше рәсім бір жүйеге біріктірілді. Жаңа тәсіл өтініш берушілер үшін уақытты айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

6 Қазан 2026, 16:34
АВТОР
 gov.kz 6 Қазан 2026, 16:34
6 Қазан 2026, 16:34
277
Фото: gov.kz

Қазақстанда дәрілік заттарды нарыққа шығаруға қажетті бірнеше рәсімді бір жүйеге біріктіретін композиттік мемлекеттік қызмет іске қосылды. Жаңа тәсіл өтініш берушілерге реттеуші рәсімдерден «бір терезе» қағидаты бойынша өтуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Астанада өткен MAASOT-2026 травматолог-ортопедтердің халықаралық конгресінде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғабит Сейдуалиев мәлімдеді.

Жаңа форматтың басты ерекшелігі – бірнеше реттеуші кезеңді бірыңғай маршрутқа біріктіру. Дәрілік заттарға қатысты бұл процесс сараптама жүргізу, мемлекеттік тіркеу, бағаны тіркеу және препаратты Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізу кезеңдерін қамтиды.

Жалпы рәсімдерден өтудің мерзімі 100 жұмыс күніне дейін белгіленген.

Осылайша, өтініш беруші әр рәсімді жеке-жеке бастап, аяқтаудың орнына қажетті кезеңдерден бірыңғай процесс аясында өте алады. Бұл реттеуші органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, дәрілік заттың нарыққа шығуына дейінгі уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық орталық өкілінің айтуынша, композиттік қызметтің дамуы медициналық өнімдерді нарыққа шығарудың неғұрлым жедел әрі ыңғайлы жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде нарықты сұранысқа ие препараттармен толықтыруға және халықтың қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен бірге жаңа тәсіл дәрілік заттардың сапасы, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың өзгеретінін білдірмейді. Өнімдер белгіленген реттеуші талаптарға сәйкес міндетті сараптамадан өтеді.

Ғабит Сейдуалиев фармацевтикалық компаниялар мен өзге де өтініш берушілерді композиттік мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы белгіленген рәсімдер аясында өтініш берушілерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетуге дайын.

Алдағы уақытта композиттік қызметті жетілдіру дәрілік заттарды өтініш берілген сәттен бастап нарыққа шығаруға дейінгі жолды қысқартудың маңызды тетіктерінің біріне айналмақ.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда мыңдаған дәрі-дәрмек бағасы арзандады: Не өзгерді? 

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектерді қайта сатудың 25 мыңнан астам дерегі анықталды 

Наверх