Дәрі-дәрмек пен балабақшаларға кезекті қадағалау бойынша жаңа цифрлық жүйелер іске қосылады

20 Қазан 2023, 08:15
628
Бөлісу:
Дәрі-дәрмек пен балабақшаларға кезекті қадағалау бойынша жаңа цифрлық жүйелер іске қосылады
Фото: primeminister.kz

Келер жылы Қазақстанда дәрі-дәрмектерді қадағалау бойынша ақпараттық жүйе мен балабақшаға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

 Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа тиісті цифрлық шешімдер таныстырылды.    

Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және өтірік есептен шығару мүмкіндігін жойып, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзімдеріне мониторинг жүргізеді.

Толық қадағалау мақсатында әр қорапқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Нәтижесінде республикадағы дәрілік заттардың толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға мүмкіндік туады. 

Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын едәуір төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы платформада дәрі-дәрмек қорын таблетка санына дейін қадағалауға болады, — деді денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.

Сондай-ақ ашықтықты арттыру арқылы ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға мүмкіндік туатыны атап өтілді.

Жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафактілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне еш күмәнданбауына болады, — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Қазір жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Қадағалау жүйесін 2024 жылдың шілдесінен бастап енгізу жоспарланған.

Премьер-Министр платформаның барынша тиімді болуы және ауруханалар, емханалар, ауылдық денсаулық сақтау мекемелері мен дәріханаларда қолдануға ыңғайлы болуы үшін оның барлық функционалдығын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысына балабақшаларға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы таныстырылды. Ол ата-аналарға ыңғайлы болу үшін және мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалған.

Атап айтқанда, Egov.kz мемлекеттік порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн режимде берілген өтініштің мәртебесін бақылауға болады. Мекемелердің бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады. Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді.

Премьер-министр бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталуы керектігін атап өтті.

Аталған цифрлық шешім қазір пилоттық режимде пысықталуда. Бірыңғай деректер базасын іске қосу 2024 жылдың қаңтарына жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы