Дархан Қыдырәлі: Бұл ортақ дамуға аяқ басар жаңа мүмкіндік

27 Қыркүйек 2022, 14:08
1727
Бөлісу:
Дархан Қыдырәлі: Бұл ортақ дамуға аяқ басар жаңа мүмкіндік

Сиань қаласында (ҚХР) Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері халқының достық форумы өтіп жатыр, деп хабарлады Baq.kz тілшісі.

Форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елдер арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды.

Ежелден іргелес бейбіт өмір кешкен қазақ пен қытай халқы жаңа ғасыр белесінде мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікке қол жеткізген татулығы мығым көрші мемлекеттер. Елдеріміздің достығы сонау ерте заманнан бастау алып, бүгінде екіжақты дипломатиялық қатынастарымыз 30 жылдық мәресін толымды жетістіктермен қарсы алып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 25 қаңтарда өткен Орталық Азия-Қытай мемлекет басшыларының саммитіне қатысып, елдер арасында барлық бағытта оң үрдістің жарасымды жалғасын айқындалып, берік сенім қалыптасқанын атап өтті, - деді ол форумда.

Министр атап өткендей, 2022 жылғы 14 қыркүйекте Қытайдың Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын.

Бұл сапардың ерекшелігі - Қытай төрағасының пандемия басталғалы бері шетелге жасаған алғашқы сапарын көршілес Қазақстан мемлекетінен бастауы. Біздің елімізге көрсеткен жеке ілтипаты мен ерекше саяси мән беруі деп білеміз. Сапар қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерекесіне орай бірлескен мәлімдемеге қол қойып, сапар шеңберінде экономикалық маңызы бар құжаттарға қол қойылды. Осы жылдарда теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына сүйене отырып, барлық салада ынтымақтастық үнемі дамып отырды. Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде мызғымас достығымыз одан әрі нығайып жатыр, - деп толықтырды Қыдырәлі.

Министрдің сөзінше, Қытай мен Орталық Азия елдері арасында әсіресе мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық жоғары дамып келеді. Тараптар бірлесе рухани, мәдени іс-шараларды әр түрлі форматта және ауқымды деңгейде өткізіп келеді. Атап айтқанда, биылғы шілде айында өткен  Мәдениет күндері, кино апталықтары және филармония оркестрінің концерттері мемлекетаралық байланыстарды одан әрі іргеліте түскені анық.

Біз сіздермен қол жеткізген жетістіктерімізді табанды түрде одан әрі дамытуымыз керек. Қазіргі таңда бұрын соңды болмаған жаһандық дағдарыстар мен пандемия салдарлары бәрімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Халықаралық тағдай турбулентті тұрақсыз деңгейде тұр. Жаһандық құрылым айтарлықтай өзгерістерді бастап кешіріп жатыр. Дегенмен біз бұл кезеңді Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің өңірдегі өзара қатынастарын тиімді пайдаланып, ортақ дамуға аяқ басар жаңа мүмкіндіктер ретінде қарауымыз керек. Сын-қатерлерді еңсеріп, дамуға қол жеткізу үшін тең әріптестікте әрекет етуіміз қажет. Осы тұрғыда біз көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен және Қытаймен серіктестігімізді еселей дамытып, көпсалалы байланыстарды кеңейтуге және мемлекетаралық қатынастарды жаңа белеске көтеруге мүдделі екенімізді жеткіземіз, - деп айтты Дархан Қыдырәлі.

Сөз соңында министр форумның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына сәттілік тіледі.

Өзгелердің жаңалығы