Дәрігер қабылдауында болмаған адамды «болды» деп жазу мәселесі өзекті болып тұр

28 Тамыз 2020, 11:47
1942
Бөлісу:
Дәрігер қабылдауында болмаған адамды «болды» деп жазу мәселесі өзекті болып тұр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында медициналық ұйымдардың сапасын бақылау жіті назарда екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы сарапшылары биылғы жылдың бірінші жартысында көрсетілген қызмет сапасы мен көлеміне қатысты 4 мыңнан астам кемшілік анықтаған. Аталған кемшіліктер бойынша медицина ұйымдарына 200 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. 

Жалпы, кемшілік саны мен сомасы жыл өткен сайын азайып келеді. Мысалы, биылғы сома өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 50 млн теңгеге кем. Қор халыққа көрсетілген қызмет ақысын көмек сапасын тексергеннен кейін ғана төлейді. Жіберілген кемшіліктер негізінде салынған айыппұлдар өзге медициналық қызмет түрлеріне төленеді, - деді ол.

Сонымен қатар, ол бүгінде дәрігер қабылдауында болмаған адамды «болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті болып тұрғанын айтты. 

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде жиі қозғалып жүр. Жарты жылда филиал мамандары ақпараттық жүйеде «пациенттерге көрсетілді» деп жазылған 5,1 млн теңгеден астам 240 шақты қызметтің шын мәнінде көрсетілмегенін анықтады. Емханалық-амбулаторлық көмекке жүргізілген мониторинг кезінде анықталған бұл кемшіліктер қаладағы 24 медицина ұйымына тиесілі. Дегенмен, өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есе кемігені байқалады, - деді Тілеухан Әбілдаев. 

Сондай-ақ, ол Қор қызмет көрсетуші клиникалар тарапынан жіберілетін мұндай кемшіліктерді анықтап, шара қолданатынын айтты. 

Азаматтарды осындай фактілер жайлы дер кезінде хабар беруге шақырамыз және пациенттер тарапынан ресми түрде жолданған әрбір өтініш жеке қаралатынын жеткізгім келеді, - деді ол.

Сөз арасында ол Алматы қаласы бойынша коронавирусқа қарсы күреске 12,4 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласы коронавирус пен пневмонияға қарсы күреске басымдық берді. Медицина ұйымдары провизорлық стационар ретінде қайта жасақталып, мыңдаған маман ауруханаларда тәулік бойы кезекшілікте тұрды. Жұқпалы вирусты емдеу мен алдын алу шараларын қаржыландыру міндеті Медициналық сақтандыру қорына жүктелді. Наурыз-шілде аралығында 27 265 медицина қызметкеріне 8,9 млрд теңге көлемінде қосымша ақы төленді, - деді Тілеухан Әбілдаев.

.

Өзгелердің жаңалығы