Қазақстандағы еңбек дағдыларын дамыту жобасы жоғары бағаланды

26 Қараша 2019, 06:30
2674
Бөлісу:
Қазақстандағы еңбек дағдыларын дамыту жобасы жоғары бағаланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық қайта құру және даму банкінің (бұдан әрі - Дүниежүзілік банк) Нұр-Сұлтандағы миссиясы аясында қаржы ұйымы сарапшылары мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - ҚР Еңбекмині) өкілдерінің арасында көпжақты бірқатар кездесу өтті, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Шетелден келген қонақтар 550 кәсіби стандарттың негізінде жаңартылатын Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының әзірленуі мен жаңартылуының аяқталуын жоғары бағалады.

2016 жылдан бастап ҚР Еңбекмині Дүниежүзілік банктің қаржылық және техникалық қолдауымен жұмыспен қамтуды жақсартуға және кадрларды оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған "Еңбек дағдыларын дамыту және жұмысқа ынталандыру" жобасын жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Кезең-кезеңімен аяқталу деңгейіне қадам басқан жобаны іске асырудың мәртебесін және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуін бағалау үшін Қазақстанның астанасына ХҚДБ-ның білім беру практикасы бойынша басқарушы Гарри Патринос және ХҚДБ-ның білім беру бойынша жетекші маманы Александр Валерио келді.

Жобаның міндеттерінің бірі – нарықтық талаптарға сәйкес келтірілген бірыңғай кәсіби, білім беру және біліктілік стандарттарының қолжетімділігі мен қолданылуын қамтамасыз ететін, еңбек нарығын оңтайландыратын және қалыптастыратын ұлттық біліктілік жүйесін дамыту үшін негіз құру болып табылады. Осы мақсатта жоба аясында экономиканың сұранысқа ие 12 саласы үшін 550 кәсіби стандарт әзірленді, олардың 70-і бекітілді, ал тағы 480-ін жылдың соңына дейін бекіту жоспарлануда. Біз бұл жұмыстың белгіленген мерзімде және сапалы жүргізіліп жатқанына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Гарри Патринос.
Миссия қатысушылары ҚР Еңбекминінің өкілдерімен бекітілген кәсіби стандарттармен, яғни  еңбек нарығының талаптарына сәйкестендірілетін білім беру бағдарламаларын алдағы уақытта жандандыру мәселелерін талқылады. 

Дүниежүзілік банк мамандары Нұр-Сұлтанға сапары аясында жұмыспен қамту орталықтарының (бұдан әрі – ЖҚО) жұмысымен, оның қызметкерлеріне арналған оқу бағдарламаларын және талапкерлерге ұсынылатын біліктілікті арттыру курстарымен танысты. Жоба шеңберінде ЖҚО-ның материалдық-техникалық жабдықталуы бұған дейін жақсартылған болатын, атап айтқанда олар заманауи IT жабдықтарымен қамтамасыз етілген, ал 2020 жылы одан әрі жаңғырту жоспарлануда.

Миссия одан әрі өзара әрекеттесудің маңызды аспектілерін нақтылауға мүмкіндік туғызып отыр. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша ҚР Еңбекмині ұсынған шаралар ең тиімді білім беру бағдарламаларын әзірлеу барысында ықпал ететін болады. Қазірдің өзінде ҚР Білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық тетігі пысықталып жатыр. 2020 жылдың ортасына қарай қазақстандық білім беру ұйымдарында жаңартылған білім беру стандарттары енгізіледі деп күтілуде, бұл жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін жаңа кадрларды еңбек нарығына шығаруға мүмкіндік береді.

Миссия қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банк өкілдері жобаны іске асыру тиімділігінің берілген аралық көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтіп, жұмыстың нәтижелі қарқынын одан әрі қолдауға үміт білдірді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы