Профессионалдар. Тергеуші Әйгерім

23 Маусым 2019, 13:53
14908
Бөлісу:
Профессионалдар. Тергеуші Әйгерім
VIDEO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол өнерлі, талантты, нәзік жан. Ата-ана, туған-туыстары өнер жолын таңдайды деп жүргенде жүрек қалауы бойынша мүлде басқа саланы таңдаған. Бүгін Полиция қызметкерлері күніне орай Есіл аудандық ІІБ Тергеу бөлімінің тергеушісі Әйгерім Қабдырасыловадан сұқбат алдық.



«Ата-анам өнер жолын таңдайды деп ойлады»

BAQ.KZ: Бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?

Әйгерім Қабдырасылова: Мен 2014 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түстім. 4 жыл оқып, қызыл дипломға бітірдім. Оқу бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл аудандық Ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде тергеуші лауазымы бойынша қызметке жіберді. Елімізде, дүние жүзі бойынша қаншама көп қылмыс жасалып жатқанын білемін. Бір жерде тонау, тағы бір жерде ұрлық болса, енді бір жерде алаяқтық жасалып жатады. Осындай жағдайлар бойынша тергеп-тексеріп, қылмыстық істерді ашып, әрі қарай өрбіп кетпеуіне септігімді тигізгім келеді.

BAQ.KZ: Бұл саланы таңдағанда ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?

Әйгерім Қабдырасылова: Менің ата-анам бұл салада емес, бірақ ағам бұрын осы салада қызмет еткен. Қазіргі уақытта зейнеткер. Ол әртүрлі қылмыстарды ашып, жұмысына қатысты ойларын айтып отырған кезде қызығатын едім. Жақындарым мен оқу бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі деп ойлайтын, өйткені оқушы кезімнен өнерлі, сөзге шебер, нәзік қыз едім. Менің қалауым осы сала болған соң ата-анам мені қолдап, «қай саланы таңдасаң да түзу жүр, қызметіңе адал бол» деп кеңес берді.

«Жігерлі, мінезді болу керек»

BAQ.KZ: Қазіргі таңда осы салада жүрген жүрген қыз-келіншектер қаншалықты көп?

Әйгерім Қабдырасылова: Қазіргі кезде осы салада жүрген қыз-келіншектер аз емес. Академиядан жыл сайын елу қыз түлеп ұшады.

BAQ.KZ: Бұл салада жүру үшін қандай қасиетке ие болу керек?

Әйгерім Қабдырасылова: Жігер, мінез керек. Мысалы, мен туған-туыс, дос, жақындарыммен бөлек, алдыма ұрлық, тонау және басқа да қылмыс фактілерімен келіп отырғандармен мүлде бөлек сөйлесемін. Олармен сыпайы, бірқалыпты сөйлесу мүмкін емес. Жұмысқа орналасқан кезде тәуліктік кезекшілікке түсетінбіз. Түн ішінде қылмыс орын алған жерге тергеу тобы барады. Ол жерде топ жетекшісі болады. Ер адамдардың ортасында шешім қабылдап, классификация жасауың керек болады. Бастапқыда қиын болғанмен, уақыт өте келе үйреніп кетесің.

«Әділ үкім шыққанын тілеймін»

BAQ.KZ: Ең алғаш ашқан қылмыстық іс қандай болды?

Әйгерім Қабдырасылова: Жұмысқа алғаш кірген уақытта тәуліктік кезекшілікке түстім. Сол күні тергеу тобында өзіммен бірге оқу бітірген қыз да болды. Ол қызға да, маған да ұрлық фактісі түсті. Жолда келе жатқанда қолына велосипед ұстаған адамды көрдік. Оның жүрісі, бетін бүркемелеп киген баскиімі де күдік тудырды. Бізді көрген ол қаша жөнелді. Көлікте жүргізуші, тергеуші, жедел уәкіл және криминалист маман болды. Жүргізші көлікте қалып, қалған үшеуміз қашып кеткен адамды көпірдің астына дейін қуып, ұстап алдық. Ол әріптесіме түскен ұрлық фактісі еді. Кейін анықталғандай, ұсталған адам бұған дейін бірнеше велосипед ұрлап ұсталған екен. Ары қарай тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, іс прокуратураға жіберілді.

BAQ.KZ: Қылмыстық іс қозғалып, үкім шыққан соң қандай сезімде боласыз?

Әйгерім Қабдырасылова: Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде айыпталушы әртүрлі сылтау айтып, көз жасын төгіп, өзін ақтап алғысы келеді. Дегенмен қылмыс жасаған адам заң жүзінде жауап беруі керек, сол себепті сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі. Тергеген адамға қандай үкім шығарылғаны туралы ойлайсың, сондай-ақ жәбірленуші тарап туралы да ойлайсың. Олардың сот үкіміне қаншалықты көңілі толатынын, әділ шешім шығарылғанын қалайсың.

«Бір рет қылмыс жасаған адам тағы да жасайды»

BAQ.KZ: Бастапқыда көз жасын көл қылған айыпталушыларды тергеу кезінде сізге қаншалықты қиын болды?

Әйгерім Қабдырасылова: Осы салаға келген кезде маған бірден ауыр қылмыс берген жоқ. Қасымда менің жетекшім болды. Бізде Данияр Таңатаров деген маман бар. Ол алаяқтық істері бойынша мықты тергеушілердің бірі. Ол тергеушіде бірнеше эпизоды бар әйел болды. Ол егде жастағы әйел еді. Бірнеше рет қылмыс жасаған соң ол қамағалы жатты. Егде жастағы әйел жалғызбасты ана екенін, қамаған жағдайда - өзіне қол жұмсайтынын айтты. Менің көңілім босап, қобалжып, жүрегім ауырып кетті. Сонда Данияр Таңатаров маған: «Әйгерім, қара, қылмысты осылай жасайды. Бұл адамның қылмыс жасағаны туралы дәлелдер жеткілікті. Мұндай адамдарға аяушылықпен қарауға болмайды. Елу-алпыс адамды алдаған кезде оларды аяған жоқ қой, ал сен оны неге аяуың керек? Сен жәбірленушілерді аяуың керек» деді. Кейін түсінгенім: аяушылық танытып, босата салған адамың арада ұзақ уақыт өтпей қайтадан алдыңа дәл сондай қызлмыс түрімен немесе одан да зорымен келеді. Бұрын екі тараптың достасуы деген болатын. 2019 жылы ақпан айында жаңа заң шығып, бір қылмысты екі немесе одан да көп жасаған жағдайда ол ауыр қылмыс түріне жатқызылады. Демек, ол адам қамалады және екі тараптың татуласуына мүмкіндік берілмейді.

«Алғыс айтып, батасын беретіндер бар»

BAQ.KZ: Бір күндік жұмыс тәртібіңіз қандай?

Әйгерім Қабдырасылова: Уақытымыздың көбі жұмыс орнында өтеді. Түнгі уақытта жұмысқа шақырылатын кездеріміз болады. Ұжымымыз ұйымшыл. Жұмыс барысында қуанышқа бөленетін сәттер де болып тұрады. Мысалы, жоғалтып алған балаларын тауып берген кезде ата-анасы ерекше қуанып, батасын береді. Кейде бағалы заттарын әлдебір жерге ұмытып кететіндер болады. Заттарын тауып берген кезде бізге алғыс айтады. Сондай сәттерде мұқтаж адамға қол ұшын соза алғаным үшін қуанып, марқайып қаламын.

BAQ.KZ: Полиция қызметкерлеріне деген халықтың көзқарасы қандай деп ойлайсыз?

Әйгерім Қабдырасылова: Адамдар қаншалықты көп болса, ойлары да соншалықты көп болады. Осы себепті нақты жауап айта алмаймын. Негізі қандайда бір қылмыс жасалса ең алдымен полиция қызметкерлеріне хабарласып, көмек сұрайды. Жолда кетіп бара жатқан адам полиция қызметкеріндей көмек көрсете алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда адамдар полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп жатады. Ал қылмысқа немесе заңға қатысты жағымсыз жағдайы болған адамдар полиция қызметкерлерін жақсы көрмейді. Мысалы, полиция қызметкерлерін жақсы көрмейтін адамдармен тереңірек сөйлессеңіз, олардың туысы не досы, тіпті болмаса танысы заң саласына қатысты түрлі факті бойынша істі болғаны анықталады.

«Елордада ұрлық, алаяқтық фактілері көп»

BAQ.KZ: Жұмыс тәжірибеңізде қандай заң бұзушылықтар жиі орын алады?

Әйгерім Қабдырасылова: Елордамызда ұрлық және алаяқтық фактілері жиі кездеседі.

BAQ.KZ: Сіз тргеуші болғандықтан, мамандығыңызға қатысты қалыптасып қалған дағдыларыңыз бар шығар. Мысалы, кімнің жалған сөйлеп, кімнің өтірік күліп тұрғанын сезіп қоятын шығарсыз? Осы тұрғыда жақындарыңызбен қарым-қатынас барысында қиындық туындамай ма?

Әйгерім Қабдырасылова: Жақындарымның арасында мен мүлде басқа адаммын, бетпердесіз бейнеммен жүремін десем болады. Ал туыс, достарым қандайда бір себептермен маған көңіліме қарап жалған сөйлеп тұрғанын байқаған болсам да байқамағандай кейіп танытам.

BAQ.KZ: Кәсіби мерекелеріңізге орай қандай тілек айтасыз?

Әйгерім Қабдырасылова: Осы сұқбатты пайдаланып, Ішкі істер басқармасында қызмет атқарып жатқан әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Олардың дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін және талай белестерді бағындырып, генерал шенін алуларына тілектеспін! Қызметімізге адал болып, қылмыстық істердің азаюына үлес қосып жүре берейік.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы