Цойдың вакцинациялаудағы жұмысы шала болып отыр. Депутаттар министрлікті сынады

31 Наурыз 2021, 12:36
2907
Бөлісу:
Цойдың вакцинациялаудағы жұмысы шала болып отыр. Депутаттар министрлікті сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan фракциясының депутаттары Денсаулық сақтау министрлігінің халықты коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцинациялау жөніндегі жұмысына наразы.  Дәлірек айтқанда, бұл жұмыстың жоқтығына қапалы болып отыр.

Депутат Ирина Унжакованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанына қарамастан нәтижесі көрінбейді.

Егер Үкімет жаппай вакцинация пандемияға қарсы күресте бірінші кезектегі мәселе десе, онда неге әлі күнге дейін оны ұйымдастырудың ойластырылған жүйелі және синхронды шаралары жоқ?  Сонымен, кеше Денсаулық сақтау министрі Цой халыққа вакцинациялауға тағы бір үндеу жасады. Бірақ осы жерде сұрақ туындайды, қайда бару керек, қай жерде вакцина алуы керек?  Өңірлердің емханаларында ақысыз қолжетімді вакциналар жоқ, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, қазіргі жағдай былтырғы жылды еске түсіреді. Сол кезде адамдардың естері шығып, ПТР тесттерін қайда және қашан тапсыратындарын білмеді. Ал биыл вакцинаны қайда және қашан алатынын білмейтін жағдайға тап болып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі биыл шынымен де белсенді іс-қимыл алгоритмін жасай алды ма?! Өкінішке қарай, мәселе ашық күйінде қалып отыр. Сондықтан халықты вакцинациялау қарқыны бізді қатты алаңдатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында бұған ерекше назар аударып, Үкіметке халықты вакцинациялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Президент ұжымдық иммунитетке қол жеткізбей, Қазақстан ауруды жеңе алмайтынын және экономиканы қалпына келтіре алмайтындығын баса айтты, - дейді Унжакова.
Ол іс жүзінде бізде Үкімет Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындай алмай келеді деп санайды.
Егер пандемияның басында барлық кемшілік, қателіктер тәжірибенің, қаражаттың жетіспеушілігінен туындаған болса, бүгінде бізде COVID-19-бен тиімді күресуге көмектесетін барлық нәрсе бар.  Атап айтқанда, Парламент бұл жұмыс үшін барлық заңнамалық базаны жасады. Бірақ елімізде қалыптасып отырған жағдайға қарасақ, Денсаулық сақтау министрлігі тәжірибеден сабақ алмағанын көрсетеді, - деді Унжакова.

Ол әлемдік тәжірибеден мысал келтіріп, Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да бірқатар елде халықтың жартысынан 90%-на дейін вакцина егілгенін атап өтті.

Қазақстанда бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша 101 мыңнан сәл астам адам вакцинацияланған.  Бұл - 0,7%, яғни халықтың 1%-дан азын құрайды. Ал вакцинация екі ай бұрын басталған, - дейді ол.
Депутат сонымен қатар қазақстандық вакцинаға қатысты шешілмеген бірқатар басқа мәселені көтерді. Олар үшін уақытша тіркеуге тұру туралы ақпарат қана бар. Вакцина шығаратын зауыттардың жұмысының нақты және айқын көрінісі жоқ.
Жалпы, бұрынғы министр Біртанов пандемиямен күресті бастай алмаған болса, бүгінде министр Цой халықты вакцинациялаудан «ойдағыдай» өтіп жатқандай кейіп танытып отыр. Қазіргі Денсаулық сақтау министрінің күнделікті ақпараты жағдайдың түзеліп келе жатқанын көрсетпейді. Халық тек вакцинация ала алмай отырған жоқ, сонымен қатар вакцинацияны қашан, қайда және қалай жүргізуге болатынын да білмейді, - деп атап өтті Ирина Унжакова.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдауы керек. Әйтпесе өткен жазда пандемиямен күресуге толық дайындық болмаған жағдай қайталануы мүмкін.
Өзгелердің жаңалығы