Цой: Аман қалған әрбір қазақстандықтың өмірі үшін дәрігерлерге алғыс айтамын

15 Желтоқсан 2020, 13:15
1374
Бөлісу:
Цой: Аман қалған әрбір қазақстандықтың өмірі үшін дәрігерлерге алғыс айтамын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, әр шаңыраққа шаттық, береке, бірлік пен дендеріңізге саулық тіледі. 

Биыл егеменді ел болғанымызға 29 жыл. Бұл жыл бүкіл әлемге де, біздің елімізге де оңайға соқпады. COVID-19 пандемиясы ұлт денсаулығына үлкен сынақ болды. Індетпен күрес кәсіби біліктілікті, адами тұрғыда төзім мен жауапкершілікті талап етті.  Құрметті медицина қызметкерлері, пациенттерге күні-түні көрсеткен көмектеріңіз үшін, мамандық алдындағы адалдық үшін, аурудан аман қалған әрбір қазақстандықтың өмірі үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді, - деді ол.

Министр Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 30 медицина маманы мен денсаулық сақтау саласы қызметкерін мемлекеттік, қоғамдық қызметі және елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттік наградалармен, медальдармен, құрмет грамоталарымен марапаттау туралы қаулыға қол қойғанын айтты.

Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін 1293 медицина маманын марапаттаймыз. Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласында талай ерлік жасалды. Бүгінде заманауи емханалар бой көтеріп, отандық медицина емдеу және диагностика бағытында қарқынды дамып келе жатқан технологияларды қолданысқа енгізіп келеді. Клиникалар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталуда. Тек бірлігіміз артқанда ғана кез келген қиындықты жеңіп шығатынымызға сенемін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі болғай. Әр шаңыраққа шаттық, береке, бірлік пен дендеріңізге саулық тілеймін! - деді Алексей Цой. 


Өзгелердің жаңалығы