Цой: Біз туберкулезге қарсы ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігін әзірледік

20 Қараша 2020, 16:57
1622
Бөлісу:
Цой: Біз туберкулезге қарсы ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігін әзірледік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Туберкулезді тоқтату» Серіктестік кеңесі басқармасының 33-отырысына қатысты.

Біздің алдымызда Тұрақты даму мақсаттарының үшінші міндетінде айқындалған «2030 жылға қарай туберкулез індетін жою бойынша» нақты мақсаттар, сондай-ақ 2018 жылғы 26 қыркүйекте БҰҰ-ның туберкулезге қарсы күрес жөніндегі Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысында мақұлданған Саяси декларация және ДДСҰ-ның «Туберкулезді тоқтату» стратегиясы тұр, - деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, туберкулезге шалдыққан әрбір науқас назардан, медициналық және әлеуметтік көмектен тыс қалмауы керек. Сондықтан, біз бірлескен күш-жігердің арқасында ғана ауруды тоқтата аламыз, ДДСҰ бағалауы бойынша 2020-2025 жылдар аралығында 6,3 миллион адам туберкулезге шалдығады  және COVID-19  әсері салдарынан 1,4 миллион науқас қайтыс болуы мүмкін.

Әлем елдері бірігіп күрескенде ғана қоғамдық ауруға айналған туберкулезді жоя аламыз, - деді министр.

Отырыс барысында кеңеске қатысушылар туберкулезге қарсы күрес жөніндегі мақсаттар мен міндеттерді, шараларды қаржыландыру мәселесін талқылады.

Іс-шара аясында Африка Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, онда А. Цой әлемдік қоғамдастықты, әсіресе коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде МСАК-ты күшейтуге шақырды. Министр қазір Қазақстанның туберкулезбен ауыратын науқастарға стационарлық деңгейде көмек көрсету моделінен МСАК және стационарды алмастыратын емдеу моделіне көшкенін хабарлады.

Біз туберкулезге қарсы ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігін әзірледік. Төсек-орын қорын қысқарту есебінен үнемделген қаражат қайта бөлінеді. Осылайша, туберкулезбен ауыратын науқастарды амбулаториялық емдеу мүмкіндіктері кеңейтілуде, емдеу мен профилактикалық жаңа технологиялар қолданылуда, МСАК деңгейінде науқастарға психо-әлеуметтік қолдау көрсетіледі, - деді А. Цой.

Денсаулық сақтауды, оның ішінде туберкулезге қарсы қызметті цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылады. МСАК деңгейінде туберкулезді диагностикалау мен ерте анықтаудың заманауи жедел әдістері кеңінен енгізілуде.

Қазақстанда 43 күндізгі стационар ашылған, 30 мобильді бригада үйде ем жүргізуде, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында ерекше рөл атқарған смартфондарды пайдалана отырып, бейне-бақылау  емі енгізілді.

Сондай-ақ, министр өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында ДДСҰ-ға мүше 194 мемлекет МСАК операциялық тетігін мақұлдағанын еске салды. Құжат МСАК жөніндегі Астана декларациясын одан әрі енгізу жоспары болып табылады және елдерге ұлттық деңгейде МСАК-ты нығайту үшін стратегиялық және операциялық 14 тетікті ұсынады.

Қазақстан 2020 жылғы 15 желтоқсанда ДДСҰ-ға мүше барлық мемлекет үшін МСАК операциялық тетігін іске қосу туралы онлайн кеңес өткізу бастамасын көтерді. 

Қазақстан медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейту бойынша бастамаларды бірлесіп дамытуға мүдделі мүше мемлекеттерді МСАК достар тобына кіруге шақырады, - деді Денсаулық сақтау министрі.

Өзгелердің жаңалығы