COVID-19: Жерлеу кезінде он адамнан артық болмауы тиіс

4 Мамыр 2020, 18:23
2136
Бөлісу:
COVID-19: Жерлеу кезінде он адамнан артық болмауы тиіс
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Үмбетәлиев тікелей эфир кезінде айтты.

Қазіргі уақытта елдегі мәйітханаларға келіп жатқан мәйіттер бойынша арнайы алгоритм жасалды. Мәйіттерді қандай жағдайда тексеріп, қандай жағдайда тексеруге болмайтынына қатысты, мұндай шаралардың заңды түрде өткізілуіне қатысты бұйрық шықты. Қазір түсіп жатқан мәйіттерге коронавирус індетіне қатысты тексеріс 100 пайыз жүргізіледі. Олардың барлығын вирусология зерттеу орталығына жібереміз. Оған дейін ешбір мәйіт ашылмайды. Егер мәйіттен вирус анықталған болса, өзгелерге вирус жұғып кетпес үшін ол мәйіт тексермейміз. Мәйітті жерлеу процесі ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Ал егер адам жол-көлік апатына түсіп, қаза тапқан болса, ондай жағдайда міндетті түрде мүрде ашылады, бұған ешкімнен рұқсат сұралмайды, - деді ол.

Асқар Үмбетәлиев кез келген мәйітке тексеру жүргізу барысында қызметкерлер қорғаныш киімін міндетті түрде киетінін айтты. Сондай-ақ, ол коронавирус індетінен қаза болған немесе басқа дерттен көз жұмып, бірақ бойында вирусы анықталған адамдарды жерлеу рәсімі қалай жүргізілетініне қатысты пікір білдірді.
Жерлеу рәсімін негізі жергілікті билік органдары өздері өткізеді. ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің бұйрығында жерлеу рәсіміне қатысты талаптар жазылған. Қысқаша айтып өтсем, бойынан коронавирус инфекциясы анықталған мәйіттерді жерлеу рәсімі кезінде он адамнан артық адам болмауы керек. Мәйітті дезинфекциялық сұйықтықпен сүртілген арнайы қапшықпен жауып жерлейді. Табыттың әр шетінде  дезинфекциялық сұйықтық 10 см-дей себілуі керек, деген сияқты өзінің арнайы талаптары бар, - деді Асқар Үмбетәлиев.

Сөз соңында департамент директоры қазақстандықтарды тағы бір апта сабырлық танытып, карантин шараларын мұқият сақтауға шақырды.



Өзгелердің жаңалығы