COVID-19 вирусы вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады – дәрігер

24 Шілде 2021, 10:16
3649
Бөлісу:
COVID-19 вирусы вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады – дәрігер
Сұхбат
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 23 шілдедегі мәлімет бойынша Қарағанды облысында 361 867 адам коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілген. Сондай-ақ, 218 252 адам екінші компонентін алып үлгерді. Қарағандылықтар арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауда жоғары белсенділік сақталып отыр.

Әртүрлі ұйымдардың қызметкерлеріне вакцинаны міндетті салдыру талабы қойылғаннан кейін аймақтағы медицина ұйымдары мен вакцинациялау пунктеріне келушілердің қатары артты. Вирус өршіп тұрған кезде вакцинация кабинеттерінің жұмыс істеу принциптері қандай, екпе алуға кезек күту кезінде вирустан қалай сақтану қажет, екпеге медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың вакцина алуына бола ма? Осы және басқа да сұрақтарға Қарағанды қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының директоры Татьяна Баширова жауап берді.

COVID-19 вирусы вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады – дәрігер

Татьяна Павловна, вакцинациялау орындарында кезек күтушілердің көптігі байқалады, бұл екпе салу пункттері мен медицина қызметкерлерінің жұмысына кері әсер етпей ме?

Қазіргі кезде вакцина алушылардың қатары көп. Елімізде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау процесі ақпан айында басталды. Ал жалпыхалықтық екпе егу сәуірден бері жүргізіліп келеді. Алайда халықтың белсенділігі тек маусым айының соңынан байқалып отыр. Бұл үкіметтің Конституция бойынша ел азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсету саласында, күн сайын көптеген адамдармен байланысатын адамдарды міндетті вакцинациялау жайлы шешімімен байланысты болып отыр. Вакцинациялау енді басталған кезде біз азаматтарды екпе алуға egov.kz порталы арқылы жазатын едік. Азаматтар тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханада вакцина салдыратын. Ал қазіргі кезде вакцинациялау пунктеріне келген екпе алушылардың барлығына бірдей қызмет көрсетіледі. Ол үшін вакцинациялау орындарындағы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің саны арттырылды. Бұған дейін екпе орталықтарында адам қарасы аз болды, күніне тек 50 адамнан аспайтын адам вакцинацияланды. Қазір екпе алам деушілер көп, дегенменде екпе алу процесі бұрынғыдай уақыт аралығында жүзеге асырылады. Алдымен екпе алушы сауалнама толтырып, дәрігердің қабылдауына кіреді. Сауалнамадағы жауаптар негізінде дәрігер азаматтың қазіргі уақыттағы денсаулық жағдайына қарап, азаматқа екпе салу немесе салмау жайында шешім шығарады. Екпе алғаннан кейін адамдар 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Процесті жеделдету, тездету мүмкін емес. Сондықтан да екпе орындарында кезек күтушілердің қатары көбейіп отыр.

Вакцинациялау орындарындағы қауіпсіздік шаралары қалай сақталуда?

КВИ-ге қарсы екпе салатын емханалар мен пункттердің барлығында арақашықтықты сақтай отырып кезек күтуге арналған аумақтар бар. Вакцинациялау орындарында азаматтар бір-біріне қатты жақындамауы, топтаспауы қажет. Сондай-ақ, жаз айлары болғандықтан екпе орындарындағы кезекті далада күту мүмкіндігі бар. Вакцинациялау пункттері демалыс күндері де жұмыс істегендіктен осы күнді де пайдалануға болады. Ал ірі кәсіпорындардың қызметкерлеріне мобильді бригадалар қызмет көрсетеді. Дегенменде азаматтар өзін-өзі сақтап, барынша қорғануы қажет. Кезек күтушілердің көпшілігі бетперде тағуды ұмытып кетеді. Бұл әрине дұрыс емес. Себебі, вирус тасымалдаушылардың көпшілігі симптомсыз болады. Сіздің жаныңыздағы адамның қауіпсіздігіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Екпе алушылардың арасында өзінің вирус тасымалдаушы екендігін білмейтін сырқаттар да болуы мүмкін.

Қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін азаматтардың вакцинаға медициналық қарсы көрсетілімдері болған жағдайда не істейді?

Азаматтардың көпшілігі әртүрлі сырқаттарына байланысты екпе салдырғысы келмейді, медициналық қарсы көрсетілімдер бар екендігін алға тартады. Шыныменде, кейбір жағдайларда дәрігерлердің өздері де вакцина салдырмау керектігін айтады. Бұл тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарға қатысты. Ал созылмалы сырқаттары бар адамдардың дені сау адамдарға қарағанда вакцина алуы маңыздырақ. Себебі әлемдік статистика коронавирус инфекциясынан созылмалы сырқаттары бар адамдардың көп көз жұматындығын айтады. Өкінішке орай, диабет, семіздік, жүректің ишемиялық ауруы, күретамырлы қан қысымының көтерілуі сияқты созылмалы сырқаттары бар адамдарда вирус өте ауыр түрде өтеді. Сондықтан да, мұндай аурулары бар адамдар алдымен вакцинациялануы қажет. Жүрек-қан тамырлары аурулары немесе қалқанша бездің патологиясы бар адамдардың сырқаты асқынған кезінде екпе алуларына болмайды. Оның өзінде де дерт асқынып тұрған кезеңде. Біз инфарк алған адамдарға да екпе салдық. Әрине инфарктан соң біршама уақыт өткеннен кейін. Сол сияқты қант диабетімен ауыратын адамдар да екпе алуда. Қалай дегенменде де, созылмалы сырқаттары бар азаматтар вакцина алуға ұмтылуы қажет, себебі әлемде КВИ-дан қаза тапқандардың көпшілігі осындай ауруға шалдыққан адамдар.

COVID-19 вирусы вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады – дәрігер

Татьяна Павловна, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау вирусты жеңуде қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

COVID-19 вирусы вакцинамен басқарылатын инфекциялардың қатарына жатады. Әлемде осыған ұқсас вирустардың таралуы бұқаралық вакцинация, екпе салумен тыйылып отырған. Мысалы, бұған дейін әлемде туберкулез немесе шешек ауруларының таралуы болған. Бұл аурулар да КВИ сияқты ауа арқылы адамнан адамға жұғады. Туберкулез сырқаты қазір де бар, дегенменде оның таралу деңгейі балаларға екпе сала бастағаннан кейін айтарлықтай төмендеген. Ал шешекке қарсы вакцина өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кейін салынған жоқ, себебі эпидемияға тоқтау салынды. Мұның барлығы вакцинаның пандемияны жеңудегі маңыздылығын көрсетеді. Вакцинациялау процесін қаншалықты жылдамдатсақ, соғұрлым қалыпты өмірге тез ораламыз, вирустың таралуына тосқауыл қойып, мутацияға ұшырауына жол бермейміз.

Сұқбатыңызға рақмет!



Өзгелердің жаңалығы