COVID-19. Швеция шектеуді алып тастады, Өзбекстан балаларға екпе сала бастады

29 Қыркүйек 2021, 22:59
17389
Бөлісу:
COVID-19. Швеция шектеуді алып тастады, Өзбекстан балаларға екпе сала бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропадағы ең бай елдердің бірі барлық антиковидтік шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Швеция Үкіметі вакцинацияның жоғары деңгейіне байланысты карантиндік шараларды алуда. 

Егілмеген азаматтарға қашықтықты сақтау және адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту ұсынылады. Енді бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі және қашықтан жұмыс істеу туралы ұсыныс  тоқтатылады. 

Қазір жүргізіліп жатқан барлық шаралар Швецияда вакцинацияның жоғары деңгейіне негізделген. Егер Сіз әлі де вакцинацияланбаған болсаңыз, оны кезек күттірмей дәл қазір жасау керек, - деді Швецияның Бас мемлекеттік эпидемиологы Андерс Тегнелл.

Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметі бойынша, ел азаматтарының 76,5%-ы COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған.   

Грузия халқының вакцинацияға деген қызығушылығының төмендеуіне байланысты инфекция жұқтыру пайызы өсуде. Өткен тәулікте SARS-CoV-2 вирусына 32 522 зерттеу барысында 1 900-ден астам коронавирус тасымалдаушысы анықталды. Пандемия жарияланғаннан бері елде коронавирусқа оң нәтиже берген 611 269 адам анықталды.  COVID-19 диагнозы қойылған 8 917 науқас қайтыс болды. Елде вакцинация қарқыны төмен, бұл инфекцияның таралуына әсер етеді: 975 028 адам (халықтың 24,4%) - вакцинаның бірінші компонентімен егілді, 785 850 адам (19,7 %) - курсты толық аяқтады.

Өзбекстан билігі 12 жастан асқан балаларды covid-19 инфекциясына қарсы вакциналауға рұқсат берді. Жасөспірімдерді вакцинациялау үшін Pfizer препараты қолданылады. Шешімді Өзбекстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және Ұлттық техникалық иммунологиялық сараптамасы мақұлдады.

12-15 жас аралығындағы балалар қатысқан Pfizer вакцинасының шетелде жүргізілген клиникалық зерттеулерінің нәтижелері оның жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті, - делінген Үкімет хабарламасында.

Кәмелетке толмағандарды вакцинациялау олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының рұқсатымен ғана  жүргізілетін болады. Вакцинациядан бұрын балалар тиісті медициналық тексеруден өтуі керек.

Сербияда covid-19 инфекциясын жұқтырудың саны өсуде. Өткен тәулікте  коронавирус деректері бойынша антирекорд жаңарды - аурудың 8 467 жағдайы тіркелді, 45 науқас қайтыс болды. Бұл мәліметтерді Сербияның Қоғамдық денсаулық институты жариялады және олар бір күнде инфекцияның рекордтық санына айналды. Пандемияға қарсы штабтың жетекшісі эпидемиолог Предраг Кон ковид төлқұжаттарын немесе қатаң шектеу шараларын енгізу керек деді. Сербияда пандемия кезінде 872 110 адам індет жұқтырды, 7 808 адам ауру салдарынантқайтыс болды.

Өзгелердің жаңалығы