COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

27 Шілде 2022, 13:18
3456
Бөлісу:
COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»
PHOTO
Фото: автордан

ҚХР Бейжің, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдан бері әлем үлкен сынақты бастан өткеріп жатыр. COVID-19 жұқпалы індеті тарап, азаматтардың өміріне, денсаулығына қауіп төндірді. Әлем әлі күнге дейін бұл індетпен күресіп келеді. Ол үшін вирусқа қарсы вакцина шығарып, індетті тоқтатудың түрлі амал-тәсілдерін әзірледі.

Бүгінгі мақаламызда Қытайдың індетпен қалай күресіп жатқаны, оны тоқтату үшін қандай іс-шаралар қабылдап жатқаны жайында баяндаймыз.

Вирус ең алғаш рет Ухань (Қытай) қаласында 2019 жылы желтоқсан айында тарала бастады. Ал 2020 жылдың 30 қаңтарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індетті Халықаралық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай екенін айтты және 11 наурызда пандемия жарияланды. Биылдың, яғни 2022 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша әлемде 560 млн-нан астам адамның індет жұқтырғаны тіркелді. 6,3 млн-нан астам адам өлімі тіркелді.

Індетпен күрес. Қытай тәжірибесі

Ухань қаласының билігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфекцияның таралу ошағы болып саналатын теңіз өнімдерінің көтерме базарын жауып тастады. Сөйтіп Үкімет инфекция жұқтырғандардың саны 200-ге жеткенде жағдайға санитарлық-эпидемиологиялық жауап беру механизмін іске қосты.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Жыл басында Ухань теміржол вокзалдарында және қаладан шығатын жерлерде патрульдер азаматтардың температурасын өлшеп, олардың жалпы жағдайын бағалады. Кейін 24 қаңтарда 15 миллион тұрғыны бар қала толығымен жабылды, билік ұшақтардан, пойыздардан және автобустардан бастап таксиге дейінгі барлық қалааралық қатынасты тоқтатты. 

Сонымен қатар көптеген ірі қалада, тіпті коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар тіркелмеген қалаларда да қозғалуға және саяхаттауға шектеулер енгізілді. Қытай Жаңа жылына арналған мектеп демалысы үш аптаға созылды.

Қытай билігі Уханьда вирус жұқтырған науқастарға арналған екі үлкен аурухана салды. Оның бірін 8 күннің ішінде салып бітірді.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Сонымен бірге Қытайдың өзінде 500 млн-нан астам адам белгілі бір шектеулер жағдайында өмір сүрді. Ең қатаң ережелер жабық Хубэй провинциясында енгізілді. Себебі тұрғындар үйден шыға алмады, тек тамақ, қажетті заттар мен дәрі-дәрмектер сатып алу үшін ғана үйден шығуға рұқсат берілді. Дәріханадан суық тию белгілеріне қарсы дәрі-дәрмек алғандар міндетті түрде өзінің деректерін, ID нөмірін және мекен-жайын қалдырып отырды.

Егер бір жерде коронавирустың жаңа жағдайы анықталса, жұқтырған адаммен байланыста болуы мүмкін барлық адам 14 күндік карантинге отырғызылды. 

Одан бөлек, Қытай індеттен емдеудің дәрі-дәрмектерін, бірнеше вакцина ойлап тапты. Қазіргі күні тағы бір вакцина әзірленіп жатыр.

COVID індетінің кезеңдері:

  • 2019 жыл желтоқсан: Уханьда (Хубэй) КВИ тарала бастады.
  • 2020 жыл қыркүйек: Альфа
  • 2020 жыл желтоқсан: Бета
  • 2021 жыл қаңтар: Гамма
  • 2021 жыл наурыз: Дельта
  • 2021 жыл қараша: Омикрон

«Адам өмірі бәрінен қымбат»

Бұл - COVID-19-ға қарсы күрестегі негізгі идея. «Адам өмірі бәрінен қымбат» - Қытай Коммунистік партиясының бүкіл халыққа, яғни 1,4 миллиардтан астам адамға берген уәдесі. Қытай індетке қарсы күресте дәл осы ұстанымға сүйенді.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Мемлекет қысқа мерзім ішінде вируспен күресу үшін 162,5 миллиард юань (шамамен 23 миллиард доллар) жинап, қаржыны жұмылдыра алды. Осы қаражаттың арқасында ел коронавирус инфекциясын емдеудің 100 пайыз қол жетімділігін қамтамасыз етті. «Алдымен ем, содан кейін ғана төлем» қағидасы енгізілді, бірақ көпшілігі тегін емделді.

Қытай бойынша COVID-19 емдеудің орташа мөлшері 23 мың юань (3 мың доллардан астам) болды, ал ауыр жағдайлардың құны 150 мың юань (21,5 мың доллар), ал өте ауыр жағдайларда миллион юаньға (143 мың доллар) жетуі мүмкін.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Алайда Қытай үкіметі емнің барлық 100 мыңдық және миллиондаған шығынын толығымен өтеп берді.

Маска режимі, ПТР тесті және Health Kit

Қытай үкіметі індетке қарсы қандай талаптарды енгізіп отыр?

Қытай індетпен күресте «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанып, батыл шешімдер қабылдап отыр. Егер оң жағдайлар анықталса, олар бірінші кезекте жағдайды бақылайды, науқастардың орналасқан жерін тексеріп, науқастарды карантинге және емделуге жібереді.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Сонымен қатар мәдени, спорттық және ойын-сауық орындары уақытша жұмыс істемейді, науқастар пайда болған аудандардың тұрғындары онлайн режимде жұмыс істейды.

Қытайда міндетті түрде температура өлшеу жүйесі енгізілген. Онымен қоса, маска режимі де өз күшінде. Кез келген ғимаратқа, қоғамдық көліктерге (метро, автобус, такси немесе ұшақ) кіргенде міндетті түрде маска тағып, WeChat немесе AliPay жүйесі арқылы QR-кодты сканерлеп, нәтижесін ғимарат алдындағы қызметкерге көрсетуі қажет.

Сонымен қатар Қытай үкіметі ел аумағының кез келген жерінде ПТР тестін тапсыру пунктерін орналастырған. Мысалы, ел астанасының кез келген жерінен осындай пунктерді көруге болады. Нуклеин қышқылын анықтау үшін азаматтар екі күн сайын сынақ тапсырып отырады. Ол елдің әр азаматы мен қонағы үшін тегін. 

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Ол үшін азамат пункт алдындағы QR-кодты сканерлеп, өзінің жеке мәліметтерін арнайы жүйеде толтырады. Кейін Health Kit жүйесінде тест нәтижесі шығып тұрады. Егер азаматта 72 сағаттық нуклеин қышқылының анықтамасы болмаса, онда ол ғимараттарға кіріп, қоғамдық көліктерге отыра алмайды.

Одан бөлек, 14 күндік карантин режимі де сақталған. Дәлірек айтатын болсақ, Бейжіңге келушілер бірден 14 күндік карантинге жіберіледі. Ал басқа қалаларда талап өзгеше, карантинде отыру мерзімі – шамамен 7 күн (авт. – ережелер эпид жағдайға байланысты түрлі болуы мүмкін).

Health Kit – Денсаулық коды

Health Kit – бұл Бейжің тұрғындары мен қонақтары үшін қажетті жүйе. Мұнда адамның денсаулық жағдайын, яғни оның ПТР тестінің нәтижелерін көруге болады. 

Жасыл код –  адамның дені сау екенін білдіреді.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Сары – бұл адамның қауіптілігі жоғары екенін, науқастар болған жерде болғанын және олармен байланыста болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қызыл – ол адамның ауырып тұрғанын, тест нәтижесі оң немесе ауырып қалу ықтималдығы жоғары не болмаса вирус жұқтырғанын білдіреді.

Дәл қазір жағдай қалай?

ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, кеше, яғни 26 шілдеде Қытайдың континенталды бөлігінде COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырудың 79 жаңа жағдайы тіркелді, оның 33-і Гуанси-Чжуан автономды ауданында, 19-ы Сычуань провинциясында, 15-і Ганьсу провинциясында анықталды.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Сондай-ақ провинциялық деңгейдегі 14 әкімшілік бөлімде 525 жаңа асимптоматикалық коронавирус тасымалдаушылары тіркелді.

Сонымен қоса бүгін Қытайдың континентальды ауруханаларынан коронавирус инфекциясынан айыққан 130 науқас шығарылды. Осылайша, сейсенбі күнгі жағдай бойынша, жаңа коронавирустық инфекциядан айыққан 222 044 науқас елдің континентальды медициналық мекемелерінен шығарылды.

COVID-19. Қытай тәжірибесі: «Адам өмірі бәрінен қымбат»

Айта кетейік, соңғы уақытта әлемде КВИ жұқтырғандар саны қайта көбейе бастады. 

Елімізде COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың мәліметі бойынша 26 шілдеде КВИ жұқтырған 2 684 жағдай тіркелді. Осылайша, эпидемия басталғалы бері елімізде індет жұқтырғандар саны 1 338 090-ға жетті. Сондай-ақ 27 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан «сары» аймақта болса, қалған өңірлер «жасал» аймақта тұр.

Өзгелердің жаңалығы