COVID-19: Мобильді бригадалардың міндеті қандай?

15 Қаңтар 2022, 18:42
1372
Бөлісу:
COVID-19: Мобильді бригадалардың міндеті қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді жайлаған індет кезінде елімізде мобильді бригадалар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Олардың қызметтік міндетіне не кіреді? Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы филиалының баспасөз қызметі айтып берген болатын.

Сонымен, мобильді бригадалардың негізгі қызметі – пациенттер айналасындағыларға қауіп төндірмеуі және ауру белгісі тиесілі емханаға баруы, сондай-ақ үйде қажетті медициналық көмек алуы үшін жұмыс істеу. Осы мақсатта әрбір МСАК ұйымының жанынан COVID-19 бар науқастарды амбулаториялық бақылау бойынша мобильді бригадалар құрылды. Олар өз аумағындағы қоңырауларға қызмет көрсетеді, жұмыс уақыты – 8.00-ден 20.00-ге дейін. 

Егер пациент тіркелген жері бойынша емхана аумағында тұрмайтын болса, оған 103-ке көмек сұрап жүгіну қажет. 20.00-ден кейінгі қоңырауларға жедел жәрдем де қызмет көрсетеді.

Мобильді бригаданың міндетіне мыналар кіреді:

• ЖРВИ белгілері бар немесе алғашқы жүгінген кезде коронавирустық инфекцияға күдікті пациенттің үйіне бару;
• Амбулаторлық бақылаудағы немесе үйде оқшаулаудағы пациенттермен байланысқа шығу;
• СOVID-19-ға күдік болған кезде ПТР-тестілеуді өткізу;
• Дәрілерді тағайындау және қажет болған жағдайда оларды пневмония және созылмалы аурулары бар пациенттерге ауруханадан тыс жеткізу;
•  Пациенттерге олардың жай-күйіне дербес мониторинг жүргізу үшін көмек көрсету;
• Амбулаториялық пациенттің медициналық картасын ресімдеу.

Өзгелердің жаңалығы