COVID-19: Елордада тесттен кімдер тегін өтеді?

18 Мамыр 2020, 16:44
1489
Бөлісу:
COVID-19: Елордада тесттен кімдер тегін өтеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл мақсатта бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Бір тест бағасы шамамен 11,5 мың теңгені құрайды.

Бұл туралы "Медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

КВИ бойынша ПТР-зерттеулер жүргізуге республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте 1,7 млрд теңге стационарларға, 3,7 млрд теңге консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін емханаларға жіберіледі. Осы медициналық ұйымдарда емделушілер ПТР-тесттен тегін өтеді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша полимеразалық тізбек реакциясы әдісімен биологиялық материалдан COVID-19 вирусын анықтау үшін диагностикалық зерттеуге 0,6 млрд теңге бөлінген. Өңірлер үшін тестілердің қажетті санын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Қазіргі уақытта COVID-19-ға зерттеу жүргізетін медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасалды, - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

ПТР-тесттен кімдер тегін өтеді?

·       COVID-19-ға күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар;

·       ЖРВИ және пневмония симптомдары бар азаматтар;

·       КВИ жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдар;

·       стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі пациенттер;

·       тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қан тамыр жүйелерінің аурулары бар динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер;

·       шетелден келгендер;

·       коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған ІІМ қызметкерлері;

·       жүкті әйелдер, т.б.

 

Айта кетейік, ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде:

- байланыста болған үй карантиніндегі адамдарға;

- арнайы контингентке (респираторлық симптомдары бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлеріне; эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне; қарттар үйлеріндегі, интернат және басқа мамандандырылған ұйымдардағы адамдарға);

- әскерге шақырылушыларға, т.б. өз есебінен ПТР-зерттеулер жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы