COVID-19: Дәрі-дәрмектер туралы маңызды ақпарат

9 Шілде 2020, 07:35
2365
Бөлісу:
COVID-19: Дәрі-дәрмектер туралы маңызды ақпарат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кез келген препараттың кері және жанама әсері болады. Алайда, адамдар түрлі таблетка ішер кезде немесе антибиотик салдырар алдында бұл мәселе төңірегінде көп ойлана бермейді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Біз науқастар ең көп қолданатын препараттарды қарап шығып, олардың пайдасы мен зиянын түсінуге тырыстық.

Кез келген дәрілік препаратты науқастың денсаулығына, оның симптомдарына байланысты және анамнезіндегі гипертонияны, қант диабеті немесе жүрек-қан тамырларының патологиясы сынды қауіпті факторларды ескере отырып, дәрігер ғана жазып беруі керек. Егер сіз “өзіңізге-өзіңіз дәрігер” болсаңыз және қорапты ашқанда, тіпті, нұсқаулығын оқымай қоқысқа тастай салатын болсаңыз, онда мына ақпаратты білгеніңіз дұрыс.

Қызуды түсіретін дәрілер

Мемлекеттік дәрілік заттар тізімінде халықаралық патенті жоқ “Парацетамол” және құрамында “Парацетамол” бар таблетка, суспензия, суппозиторий, отандық және шетелдік зауыттар өндірген ұнтақ сынды 86 препараттың атауы тіркелген. Таңдау көп. Бұл жерде сіз қандай шешім қабылдайсыз, міне, сол маңызды.

Мысалы, бәріміз жиі қолданатын “парацетамол” өте улы, әсіресе, бауыр мен бүйрекке зиян. Оны бақылаусыз және негізсіз ішкенде аллергиялық аурулар мен бронх демікпесі күшеюі мүмкін.15 жасқа толмаған балаларға беруге тыйым салынған аспириннің салдарынан ішектен қан кетуі мүмкін. Егер бұл препарат тұмау немесе қызылшаға қарсы қабылданса, Рея синдромы немесе соңы өліммен аяқталатын бауыр ауруы өршуі мүмкін. Ал анальгин қан жасушаларының түзілуін бұзады және ішкі қан кету, ауыр аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Ибупрофен - қызуды түсіретін дәрілердің арасындағы ең қауіпсізі, бірақ жүректі айнытып, құстыратын гастропатикалық әсері де бар.

Бұл препарат бақылаусыз қабылдаған жағдайда созылмалы гастрит, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы өршіп, қан кету, бронхтың түйілуі, ағзадағы сұйықтықтың кешігуі, көру қабілетінің бұзылуы мүмкін. Оны парацетамолмен бірге ішуге болмайды.

Қазақстандағы коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттамада қызуды төмендететін осы екі препарат ұсынылды, бірақ шектеулі дозада және температура 38 градустан жоғары болғанда ғана. Парацетамолдың дозасы 500 мг немесе Ибупрофен - 200-400 мг, бірақ тәулігіне 4 таблеткадан артық емес. Сонымен қатар, безгектің жұқпалы-қабыну процесіне ағзаның қорғаныш реакциясы екенін ескергеніңіз жөн.

Температура жоғарылағанда инфекция қоздырғыштары баяу көбейеді, ал иммундық жүйенің белсенділігі артады — иммуноглобулин мен интерферон пайда болады. Сондықтан температураны үнемі төмендетпеу керек. 38 градусқа дейінгі қызу, керісінше, ағзаға қарсы күресуге көмектеседі.

Вирусқа қарсы препараттар

Денсаулық сақтау министрлігі вирусқа қарсы сипаттағы 29 препараттың ішінде ЖРВИ мен ЖРВИ кешенді емдеуге арналған 23 дәрілік затты ғана ұсынады. Олардың арасында Арпефлю, Ремантадин, Эргоферон, Ингавирин, Арбидол және Кагоцел бар.

Біріншіден, COVID-19 емдейтіндей олардың тиімділігі дәлелденбеген және клиникалық хаттамада амбулаториялық жағдайда вирусқа қарсы препараттар қабылдау туралы ештеңе айтылмаған.

Екіншіден, иммунитет осы препараттардың көмегімен жасанды түрде сақталады және адам оларды тоқтатқаннан кейін, ағза толығымен қорғалмаған, яғни аурудың қайталану қауіпі бірнеше есе артады.

Антибиотиктер

Вирусқа қарсы препараттармен қатар антибиотик те көп қолданылуда. Антибиотикпен вирустық инфекцияны емдемейді және оның пайдасы да жоқ. Ұзақ қолданған жағдайда оларға ағза үйреніп кетеді. Демек, шынымен қажет болғанда немесе қиын жағдайда дәрігердің дәрі-дәрмек таңдауы қиын болады. Сонымен қатар, бауыр мен бүйректі химиялық заттармен улау қаупі өте жоғары, және жанама әсерлер көп – асқазан-ішек жолдарының функциясының бұзылуынан жүйке жүйесі тарапынан теріс реакцияларға дейін.

Аталған терапияны қабылдар кезде немесе дәрігер тағайындағанда мына ережелерді есте сақтаңыз: антибиотиктерді пробиотиктермен қабылдау керек; оларды курспен ішу керек; бірінші инъекция алдында, егер препарат бұрын қолданылмаса, сезімталдыққа тест жасау қажет; балалар мен жүкті әйелдерге көрсетілімдер бойынша және дұрыс режимде қабылданса ғана ұсынылмайды; таблеткадан инъекция жақсы; антибиотиктер алкогольмен үйлеспейді.

Өзгелердің жаңалығы