Күзде COVID-19 балаларға әсер етуі мүмкін. Ақпарат қаншалықты рас?

22 Тамыз 2020, 15:48
3976
Бөлісу:
Күзде COVID-19 балаларға әсер етуі мүмкін. Ақпарат қаншалықты рас?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана медицина университеті» КеАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Баян Тұрдалина бүгін «Желмая» жобасында қонақта болып, бірқатар сауалға жауап берді.

Кейбір маман күз маусымында коронавирустың екінші толқыны басталады және ол бұған дейінгіден де әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін деген пікір айтуда. Осыған қатысты Баян Тұрдалина бұл оймен келісуге болатынын жеткізді. 

Әр жылда күз басталысымен біз инфекционист ретінде эпидемиологиялық науқанды күтеміз. Яғни, инфекциялық аурулардың өршу науқаны басталады. Осы орайда коронавирустың бүкіл дүние жүзі бойынша таралып отырғанын ескеретін болсақ, әрине, бұл індет жыл сайынғы кездесетін вирусты инфекцияларға қосымша жүктеме ретінде болуы мүмкін. Соған сәйкес алдымыздағы эпидемиологиялық науқанда инфекциялық аурулардың көбеюін, соның ішінде коронавирустық инфекцияның да күшеюін күтеміз. Оның үстіне күзде ауа райы да салқындап, иммунитеттің төмендеу фактілері болады. Осы факторлардың барлығы әсер етеді. Сондықтан, сақ болған дұрыс, - дейді ол.

Маман сұхбат барысында «күз айларында коронавирус көбіне балаларға әсер етуі мүмкін» деген ақпараттың қаншалықты рас екеніне тоқталды.

Осы уақытқа дейін коронавирустық инфекция балаларда жеңіл формада немесе симптомсыз түрде байқалады дегенді өзіміздің де, шетелдің де мамандары айтып жатыр. Бұған қатысты нақты статистика да бар. Аталмыш дертті жұқтырған балалардың 90%-да бұл дерт симптомсыз немесе жеңіл түрде өткен. Әрине, бір ескеретін жайт, балалар жеңіл түрімен ауырады екен деп босаңсымауымыз керек. Коронавирустың өршуі болған көптеген шет елде Кавасаки синдромына ұқсас синдром байқалған. Бұл коронавирустың өзі емес, бірақ, сол індеттің жеңіл формасынан өткен балаларда уақыт өте пайда болатын синдром болып саналады. Күзде балаларда бұл синдромның жиіленуі де мүмкін, сондықтан өте сақ болу керек, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы