COVID-19. Алматы пациенттерді ауруханаға жатқызудың жаңа тетігін енгізді

18 Қазан 2020, 18:42
1094
Бөлісу:
COVID-19. Алматы пациенттерді ауруханаға жатқызудың жаңа тетігін енгізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімдігі қаланың коронавирустың жаңа толқынына қалай дайындалып жатқанын айтты. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

Жалпы, Алматы қаласындағы жағдай тұрақты және COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі қалалық штабтың толық бақылауында. 

Осылайша, қалада денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар батыл шара қабылданды. Бұл ретте жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін күшейтуге баса назар аударылды. 

Сонымен қатар ковидті ауруханалардың төсек қуаты біртіндеп артып келеді. 

Қала бойынша қуаты 7200 төсек-орынды құрайтын 32 ковид стационары дайындалды. 

Соңғы екі айда қалада төрт жаңа клиника: Түрксіб ауданында төсек-орын қуаты 500 төсек-орын болатын, Алатау ауданында 300 төсек-орындық жаңа модульді стационар дайындалды. Сондай-ақ сыйымдылығы 215 төсек-орын болатын екі жеке клиника ашылды. Осылайша, соңғы үш айда инфекциялық төсек-орын саны екі есе өсті. Ахуалды тұрақтандыру үшін пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесін басқарудың жаңа моделі әзірленді, жүйелі шаралар кешені қабылданды, атап айтқанда: 

1. Материалдық-техникалық база күшейтілді. 11 мыңнан астам медициналық жабдық сатып алынды. Қаланың барлық инфекциялық стационарларында реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері толық жабдықталғанын атап өткен жөн. Диагностикалық бөлімдер мен зертханалар жабдықталған. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылды және материалдық-техникалық база бүгінде жаңа сын-тегеуріндерге және COVID-19 жаңа толқынына дайын. 

2. Қаланың жедел медициналық жәрдем қызметінде диспетчерлік қызмет күшейтілді, автокөліктер саны артты. 35 автокөлік алынды, 100 автокөлік қараша айының соңына дейін алынады. Сондай-ақ, автомашиналарды заманауи зарарсыздандыру жүйесі жұмыс істейді, ол іс жүзінде індетке қарсы күрес басталғаннан бері қолданылып келеді.  

3. COVID-19, ЖРВИ, ауруханадан тыс пневмониямен ауыратын науқастарға жедел медициналық көмек көрсету алгоритмі жетілдірілді. Жедел жәрдем пациенттердің осы санаты үшін ауруханаға жатқызудың жалғыз механизмі. Өздігінен жүгіну арқылы емдеуге жатқызуға тыйым салынады. (Анықтама: Шығып қызмет көрсету кезінде жедел жәрдем бригадасы үйде арнайы әзірленген чек-параққа сәйкес пациенттің ауруының ауырлық дәрежесін бағалайды және пациенттің жағдайына байланысты оны одан әрі ауруханаға жатқызуға апарады. Бұл ретте стационарға апарар жолда пациентке КТ-да тексеру жүргізіледі. Ол үшін қалада КТ арнайы орталықтары анықталған, онда барлық қауіпсіздік шаралары (таза және лас ағындарға бөлу) көзделген. Осылайша, қолында КТ зерттеуінің нәтижесі бар науқас ауруханаға түседі, бұл терапияны бірден бастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қабылдау бөлмесіне түсу кезінде ПТР-тест алынады. Мұның барлығы ТМККК шеңберінде тегін көрсетіледі).  Маңызды аспект - аурудың ауырлығын бағалау үшін қолданылатын бақылау парақтары. Жағдай қолайлы, ал бос төсек-орын саны жеткілікті болған кезде емдеуге жатқызу үшін шекті деңгей барынша төмендейді. Көрсетілімдер болған кезде тәуекел тобындағы жеңіл дәрежелі, ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі пациенттердің барлығы дерлік емдеуге жатқызылады. Жағдай нашарлаған, стационарлардың жүктемесі жоғары болған кезде емдеуге жатқызу үшін шекті деңгей жоғарылайды және ауырлығы орташа және ауыр дәрежемен ғана емдеуге жатқызылады.  

Тиісінше, жедел жәрдем ауруханаға жатқызылмаған пациенттер бойынша активті МСАК-қа береді және оларды емханалардың мобильді бригадалары бақылайды. Бұл тәсіл пациенттердің қалада жүруін барынша азайтады, сәйкесінше қоғамда инфекцияның таралуын азайтады және ең бастысы денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемеленуі мен құлдырауына жол бермей, ауруханалардың жүктеме деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. 

4. Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін барлық стационарларды жарақтандырылу деңгейі мен кадрлық әлеуеті бойынша бөлу — эшелондау қағидаты енгізілді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалай отырып, Алматы қаласы елімізде бірінші болып клиникаларды инфекциялық және провизорлық стационарларға бөлу қағидатынан бас тартты. Бұл пациенттердің ағымын тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Стационарлар үш эшелонға бөлінген. Науқас ауырлық дәрежесіне байланысты қаладағы ковид стационарларының біріне жатқызылады. 

Бірінші эшелон — өте ауыр, ауыр науқастар үшін және қауіп тобындағы ауырлығы орташа дәрежедегі науқастар үшін (+60 жас, созылмалы аурулары бар адамдар). Аталған стационарлар барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, медициналық ұйымдарда мықты кадрлық әлеует шоғырланған, кезек күттірмейтін міндеттерді шешу үшін барлық қажетті жағдайлар бар. Бүгінде олар — төсек-орын қуаты 2985 төсек-орынды құрайтын 9 клиника. 

Екінші эшелон — ауырлығы орташа дәрежедегі пациенттер үшін. Бұл 15 қайта бейінделген клиника, олардың төсек-орын сыйымдылығы 1850 төсек-орынға шақталған. 

Үшінші эшелон — обсерваторлар — пациенттерді емдеу үшін қолданылады. Оларға төсек-орын қуаты 2 391 төсек-орын болатын 8 ұйым жатады, оның ішінде 1 000 төсек-орын Халық Арена базасында ұйымдастырылған кешенге тиесілі. Екінші және үшінші эшелондағы клиникалар жетекші инфекционист және пульмонолог мамандардан құрылған жұмыс тобының тұрақты жетекшілігінде екенін атап өткен жөн.

Бұл тәсіл науқастардың ағынын нақты басқаруға мүмкіндік береді. Науқас тиісті және уақтылы терапия алады. "Тұрақты" пациенттерді обсерваторларға (үшінші эшелонға) ауыстыру төсек-орын айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді, сәйкесінше бірінші және екінші эшелонның жоғары технологиялық клиникаларының қолжетімділігі артады. 

5. Реанимациялық науқастарды емдеудің тиімділігін арттыру үшін қалада анестезиология және реаниматология орталығы құрылды, ол өз кезегінде сарапшылар бөлімінен және анестезиологтар мен реаниматологтардың мобильді бригадасынан тұрады. Сараптама бөлімінің құрамына реаниматолог, анестезиолог дәрігерлер, кафедра қызметкерлері, оның ішінде зейнеттегі кандидаттар мен ғылым докторлары қатарынан жетекші мамандар кірді. Мобильді бригадалар реаниматологтар мамандарынан тұрады, олар тәулік бойы реанимацияларда тексеру жүргізуді жүзеге асырады, пациенттерге жергілікті жерлерде консультация береді және қажет болған жағдайда телемедицина арқылы пациент туралы деректерді сараптама бөліміне береді. Орталықтың алғашқы жұмыс күнінен бастап оң нәтиже байқалады. Жұмыстың алғашқы аптасында ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастардың саны екі есе азайды. Жұмысқа дейін және одан кейінгі ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастар туралы барлық деректерді статистикалық өңдеу жүргізілді, осылайша Анестезиология және реаниматология орталығының тәжірибесіне енгізу 420 адамның өлімінің алдын алуға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 

6. Амбулаториялық деңгейде коронавирус инфекциясына күдікті пациенттермен жұмыс істеу үшін 298 мобильді бригада құрылды, олардың құрамына 925 медицина қызметкері кірді. Пандемия басталғаннан бері мобильді бригадалардың саны 5 есеге артты. Медицина қызметкерлерінің бұл санаты тек алдыңғы қатарда жұмыс істеуге қатысады. Бұл ковидке күдікті пациенттермен сапарларда жұмыс істейтін мамандар. Сондай-ақ, қаланың барлық емханаларында аймақтарға бөлу паспорттары бар екенін атап өткен жөн. Медициналық ұйым ішінде пациентті бағыттау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық талаптары қарастырылған. МСАК деңгейінде жұмысты күшейту үшін телемедицина орталығы құрылды, сондай-ақ тәуекел тобындағы пациенттермен Мониторинг орталығы және Халықтың психикалық саулығы орталығы табысты жұмыс істеуде. 

7. Тәуекел тобындағы пациенттерге мониторинг жүргізу орталығы әкімдік пен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірлескен жобасы. Аталған орталық Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында құрылған, ол тәулік бойы жұмыс істейді. Жетекші бейінді мамандар — кардиологтар, пульмонологтар, аллергологтар, эндокринологтар және т.б. амбулаториялық деңгейде орташа ауыр пациенттер мен қауіп тобындағы пациенттерге қашықтан кеңес беруді жүзеге асырады. Бұл пациенттердің, әсіресе қарт адамдар мен ілеспе аурулары бар адамдардың денсаулығын қадағалауға және бақылауға мүмкіндік береді. Осы орталықтың жұмысы барысында 2 мыңға жуық кеңес берілді. Орталықтың негізгі міндеті — амбулаториялық деңгейде қауіп тобындағы пациенттерді (60 жастан асқан адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар) бақылау. Орталық қызметкерлері учаскелік дәрігерлермен және МСАК мобильді бригадаларымен бірлесіп консультацияларды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда емделуді түзетеді немесе пациенттерді емдеуге жатқызуды ұсынады. Бұл тәсіл амбулаториялық деңгейде емдеу сапасын арттыруға және ауруханаға жатқызу санын азайтуға мүмкіндік береді. 

8. Алматы қаласының телемедицина орталығы құрылды. Бұл орталықтың міндеті — COVID-19 ықтимал және расталған жағдайлары бар пациенттерге кеңес беру және мониторинг жүргізу. Шын мәнінде, бұл дәрігердің видеокеңесін алу мүмкіндігі бар COVID-19 емдеу бойынша бірыңғай қызмет. Ол үшін МАЖ-мен интеграцияланатын бағдарламалық қамту әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері видеокеңес жүргізеді, пациенттің жағдайын бағалайды, емдеуді тағайындайды және пациенттің электрондық картасына өзгерістер енгізеді. Бұл сонымен қатар барлық COVID-19. жағдайларының бірыңғай электрондық базасы. Сондай-ақ осы орталықтың маңызды функцияларының бірі — пациенттердің карантин режимін сақтауына мониторинг жүргізу.  

9. Қалада клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің қалалық бағдарламасы қабылданды. Тәжірибе көрсеткендей, КВИ бар науқастарды емдеудің негізгі әдістерінің бірі — оттегіні қолдау. Осыған байланысты әкімдік ковидтік клиникаларды газ-оттегі станцияларымен жабдықтау туралы шешім қабылдады. 9 стационарда медициналық газдар әр төсек-орынға жүргізілді. Тағы 10 стационарды медициналық газдармен қамтамасыз ету жоспарлануда. 

10. Инфекциялық қауіпсіздікті және қала экологиясының сақталуын қамтамасыз ету. Бұл медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және кәріз ағындарын зарарсыздандыру мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретін жалпықалалық бағдарлама. 13 емханада медициналық қалдықтарды кәдеге жарату станцияларын орнату бойынша жұмыс жүргізілуде. Эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтарды басқарудың заманауи талаптарына сәйкес клиника базасында медициналық қалдықтарды залалсыздандыру бөлімшелері ұйымдастырылған. Орнатылатын кәдеге жарату станциялары Б және В класындағы эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтарды А класындағы қауіпті емес қалдықтарға (тұрмыстық қоқыс) айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Шын мәнінде, медициналық қалдықтар Цельсий бойынша 132 градус температурада зарарсыздандырылады. Енгізілетін стерильдеу жүйесінің бірегейлігі оның клиниканың қызметкерлері мен келушілері үшін және қоршаған орта үшін қауіпсіздігінде болып табылады. Бұл технология сонымен қатар клиникаларға ауруды жұқтырған науқастармен байланыста болған науқастардың жеке заттарын немесе клиника қызметкерлерінің киімдерін 70 немесе 90 градус температурада зарарсыздандыруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ ковидтік клиникаларда кәріз ағындарын зарарсыздандыру жүйесін салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл бағдарлама аса қауіпті инфекцияның кәріз ағындары арқылы таралуын болдырмауға, сол арқылы қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

11. Кадрлық резерв қалыптастырылды. Бұл мәселеде әкімдік барлық тәсілдерді қайта қарады. Әкімдік алдында жедел мерзімде медициналық қызметкерлерді жұмылдыру және инфекциялық стационарлар бойынша тиімді бөлу міндеті тұрды. Төсек-орын санын көбейтудің артында олардың материалдық-техникалық жабдықталуы ғана тұрмағанын түсіну керек. Басты назар білікті кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады. 

Медицина кадрларын жұмылдыру үшін, біріншіден, кадр ресурстары, ведомстволық бағынысты, мемлекеттік, жекеменшік медицина ұйымдарын және республикалық ұйымдарды қоса алғанда, Алматы қаласының барлық медициналық ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етілуі бойынша ағымдағы жағдайға талдау жүргізілді. Күн сайын меншік нысанына қарамастан, Алматы қаласының барлық медициналық ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етілуіне мониторинг және талдау жүргізіледі. 

Алматы қаласында қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық ұйым және 93 жеке меншік медициналық мекеме жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 емдеуге 27 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылды, 6 200-ге жуық төсек-орын орналастырылды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4 мыңнан астам қызметкер еңбек етті. 

Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты көп салалы клиникалар қалыпты жұмыс режиміне оралды. Коронавирус инфекциясына арналған инфекциялық клиникаларда 100-ден аспайтын пациент бар, осыған байланысты қазіргі уақытта ковидті пациенттермен 400-ге жуық дәрігер, медбике және кіші медициналық персонал жұмыс істейді.  

5 500-ден астам медициналық кадрлар жаңа толқынның туындау мүмкіндігіне орай резервте тұр. Сондай-ақ, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен дәрігер интерндерінен тұратын резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық. 

Жаңа енгізілген инфекциялық клиникалар үшін штат кестесін есептеу жүргізіледі. Мысалы, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында 500 төсек-орындық жаңадан ашылған инфекциялық стационардың жұмысы үшін штаттық кестеге сәйкес 587 штаттық бірлік талап етіледі, бүгінгі күні оның жинақталуы 100% құрайды. «Халык Арена» базасындағы клиникада жұмыс істеу үшін 700-ден астам медициналық кадрлар іріктелді. 300 төсек-орынға арналған екінші жаңа модульдік аурухана үшін 280-ге жуық медициналық кадрлар қажет. Бүгінгі күні жаңа стационарлар үшін штаттық кесте жасалуда және резерв қатарынан кадрларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.  

Сондай-ақ кадрларды іздеу бойынша жұмыс тұрақты жүргізілуде, халықты хабардар ету және өтінімдерді жинау жалғасуда, бірінші кезекте жеке медициналық мекемелерден медицина қызметкерлері, колледждер мен ЖОО түлектері тартылуда. Жалпы Алматыда медициналық персоналды жалдау және іріктеу алгоритмі толығымен қайта қаралды. 

12. Дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ қажетті қоры бар. СК-Фармация Бірыңғай дистрибьюторымен және дәрілік заттардың негізгі жеткізушілерімен үнемі жұмыс жүргізіледі. Қала әкімінің қолдауымен тұрақтандыру қоры құрылды, оған жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Жеке дәріханалар деңгейінде препараттармен қамтамасыз ету үшін 5 млрд теңге бөлінді, бұл жеке дәріханаларда дүрлігудің тудырмауға мүмкіндік берді және емханалар мен стационарлар деңгейінде дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ қажетті қорын қалыптастыру үшін тағы 5 млрд теңге бөлінді. Осылайша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі үнемі бақылауда және қала эпидемияның дамуының түрлі сценарийлеріне дайын.

Өзгелердің жаңалығы